Елімізде соңғы уақытта Тikтоk әлеуметтік желісін жабуға қатысты мәселе ҚР Парламенті Мәжілісі, министрлік деңгейінде қозғалуда. Бірқатар мемлекеттерде бұл желіні бұғаттау, қолдануға тыйым салу жұмыстары қолға алынғанын ескерген қоғам белсенділері де бұл ұсынысты ұтымды деп отыр. Яғни, олар зиянды сүзгісіз ақпараттар ұрпақ тәрбиесіне қатер тудырып жатқанына алаңдаушылық танытқан. Алайда зияндысына шектеу қою арқылы желіні кәдеге жаратуға болады деген ой айтушылар да аз емес. Сонымен, еліміздің 14 мың тұрғыны тіркелген ТikТоk-ты түбегейлі жапқан жөн бе? Ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысы бар мәселені шешудің жолы қандай? Бүгінде аталмыш әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдырғандарды кіріс көзінен айырмай ма? Осы және өзге де сауалдарға «Алаң»-да жауап іздеп көреміз.

 

Ришат ӘМІРЕНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Тikтоk-ты түбегейлі жабу ұсынысын толық қолдаймын. Балалардың санасын улайтын жағымсыз ақпарат қаптап жүр. Күні бойы телефонға телміретін бүгінгі ұрпақты мұндай желі толығымен «баурап», «байлап» алды десе болады. Өзі 20 миллион халқымыздың 14 миллионы тіркеліп, күнделікті ешбір сүзгіден өтпеген ақпаратпен бетпе-бет келіп отыр.

Ұлттық болмысымызға, дәстүрімізге сай келмейтін, буыны бекімеген баланың ой-түсінігіне кері әсер ететін материалдар көп. Бала болғасын жеңіл-желпі ақпараттың жетегінде кете береді. Оның оңы мен солын бала қайдан айыра алсын. Егер бұл желіні жапса, балаларымыз да телефонға телміруден сәл тыйылар еді. Сәйкесінше, білімді кітаптан, өзге ақпарат көздерінен алуға бет бұрар еді. Қазір қарап отырсаң, балалардың қолынан телефонды алу қиынға соғып барады. Милары уланып, телефонға тәуелді болып кетті. Өскелең ұрпақ кез келген дүниенің жағымсыз жағын бірден сіңіріп алады. Ал әлеуметтік желіде мұндай мәліметтер мен бейнежазбалардың көптігін ескерсек, ұрпақ тәрбиесінде үлкен қателіктер кетіп жатыр. Кейін оның зардабы сезіледі. Ал бизнесін жүргізіп, содан табыс табам деушілерге өзге де әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалануға болады деп есептеймін.

 

Бәкіжан КӘКІМ, блогер:

– Тikтоk пайдаланушылар саны бойынша өзге әлеуметтік желілер арасында алда тұр. Қаншама азамат елімізде осы әлеуметтік желіде бизнесін жүргізіп, жарнамасын жасап, табыс тауып отыр. Егер желіні толық жауып тастаса, қаншама адам кірісінен айырылады. Өзім де Тikтоk желісінің белсенді қолданушысымын.

Меніңше, түбегейлі жабудан гөрі былапыт сөздер, түрлі бақсы-балгерді, теріс ағымдар мен қозғалыстарды,  өзге де бұрыс әрекет-терді насихаттайтын платформа, парақшаларға шектеу қойған абзал. Яғни, балалар психологиясына кері әсер ететін элементтер екшеліп, соларды таратып отырғандар бұғатталуы тиіс деген ойдамын. Керісінше, бұл платформаны елімізде азаматтық қоғамды дамытуға арналған жобалармен, білім-ғылым саласындағы контентпен байытып, мазмұнын TikTok-қа лайықтап, халқымыздың құқықтық сауатын ашу, тарихи санасын жаңғырту бағытында қолдануға болады.

 

Қарлығаш ҚАЖЫБАЕВА,көпбалалы ана:

– Ана ретінде, әрине, балалардың болашағына алаңдаймын. Сондықтан да балаларымның тәрбиесіне көңіл бөліп, уақыт тауып, не көріп, немен айналысатынын жіті қадағалаймын. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үстел басында, үйде, жалпы жүрген жерімде ұл-қызыма түсіндіруден жалықпаймыз. Демек, жауапкершілікті әркім өз мойнына алуы керек деп ойлаймын.

Балаларымның пайдалы іспен айналысып, телефонмен отыруға уақытының барынша аз болуына мән береміз. Үй шаруасына аралас-тырамын. Сабақтан бөлек қосымша білім алуға бағыттаймыз. Әлем өркениетінен қалмауы үшін заманға сай әлеуметтік желі-лерден де хабардар болып, керек ақпаратын алғаны да дұрыс деп есептеймін. Ең бастысы, баланы толық телефонға кетіп қалмауын ата-ана бақылауында ұстауы тиіс. Ақыл айтуға, бағыт беруге әрдайым уақыт тапсақ, балалар да зиянды әрекеттерден, ақпараттардан бойын аулақ ұстайды.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.