Біз «Ақмешіт» мешітінің тұрақты жамағаты ретінде сіздерге осы хатты жолдап отырмыз. Біздің хат жазуымызға осы мешіттің молдасы Матаев Жақып Жәкенұлы есімді азамат себеп болып отыр.
Ол Павлодар қаласында дүниеге келген. Жоғары білімі бар. Семейдің малдәрігерлік институтын бітірген. Содан кейін көп жыл бойы ветеринар болып жұмыс істеген. Қайта құру кезінде немере ағасы Ертай Ақмешітте және Бижан мешітінде имам болған. Ол Жақыпты 1992-1993 жылдары Ақ мешіттің жанында ашылған діни курсқа сабаққа берді. Түркия елінен келіп, араб тілінен сабақ берген ұстазда оқыған 40 оқушының бірі болып, діни сауатын жетілдірді. Осы оқуды ойдағыдай оқып, сол уақыттан бері асыл дінімізге қызмет етіп жүр. Содан бері қанша уақыт өтсе де, өзінің сабырлы әрі табанды мінезінен айнымай, ата-бабамыздан жеткен дәстүрлі дінімізді дәріптеу жолында тынбай еңбек етіп келеді. Жақыптың молдалық қызметті арқалағанына 30 жылдан астам уақыт болыпты, біз сол мешіттің жамағаты ретінде ол кісінің еңбегіне, қызметіне ризамыз. Сол уақыттан бері облыстың бас имамы тарапынан Алғыс хаттар да алды.
Ол кісі молдамын деп мешітте ғана отырмайды, күннің ыстығы мен суығына қарамай, қайтыс болған адамдардың мәйітін жуындыру, арулау, жерлеу рәсімдерінің барлығын атқарады.
Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген жақсы сөз бар. Нағыз діннің жанашыры қандай болады десе, осы Жақыптай деуге болады. Сондықтан өзіміздің алғысымызды білдірейік деп барша жамағат атынан газет редакция-сына осы хатты жолдауды жөн көрдік.
Хат жолдаушылар: «Ақмешіт» мешітінің жамағаты атынан:
Мейрам Абраев,
Ризабек Ибраев,
Бағұстар Жапаров,
Рахат Шалғынбаев,
Гүлнәр Еркасова.