Шарбақтылық оқушылардың жазғы демалысы қызықты өтуде. Соның дәлеліндей, жақында Арбиген мектебі жанындағы «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагерінің тәрбиеленушілері үшін танымдық экскурсия ұйымдастырылып, балалар авиация әлеміне саяхат жасап қайтты.
Оқушылар Шалдай ауылындағы «Қазавиаорманқорғау» мекемесіне арнайы барып, жұмысымен және авиациялық техникаларымен танысты. Сонымен қатар, олар орман және дала өртін бақылау, сөндіру қызметінде қолданылатын тікұшақты өз көздерімен көріп, оның техникалық мүмкіндіктері мен жабдықтары туралы пайдалы ақпараттар алды.
Жарқын жүздесу барысында «Қазавиаорманқорғау» бөлімшесінің басшысы Шыңғысхан Шайзатханұлы мекеменің негізгі қызметі туралы әңгімелеп, өртті әуеден бақылау арқылы жедел түрде әрекет етудің маңыздылығына тоқталды. Мамандар арнайы техникалармен қалай жұмыс істейтінін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Оқушылар тікұшақтың ішіне кіріп көріп, оның құрылымымен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Шара соңында балалар саяхаттан алған әсерлерін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Мұндай танымдық экскурсиялар жас буынның авиация саласына деген қызығушылығын арттырып, табиғатты қорғай білуге тәрбиелейді, дейді мамандар.
Н.АҚЫТЕГІ.
ШАРБАҚТЫ АУДАНЫ
