Ауыл мектебіне ажар кіреді

Мау 18, 2026

Екібастұз қаласына қарасты Сарықамыс ауылдық мектебі күрделі жөндеуден өтуде. Мұндағы жұмыстардың барысымен қала әкімі Аян Бейсекин арнайы танысты.

Бұл туралы шаһар басшысы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды. Аталмыш білім ордасы 1992 жылы бой көтерген. Содан бері жөндеу көрмеген.

– Көп жылғы пайдалану барысында ғимарат едәуір тозған. Сондықтан, нысанды жаңарту өзекті мәселелердің бірі болды. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Мектептің қабырғасы жылытылып, қаптау жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Терезелер толық ауыстырылды. Енді қосымша жылыту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, жылу жүйесі жаңартылуда, –
дейді Аян Бейсекин.

Мердігер нысандағы жөндеу жұмыстарын шілде айында аяқтауды жоспарлап отыр. Жалпы, ішкі және сыртқы жұмыстарды 16 адам атқаруда. Шаһар басшысы мердігерге сапасына назар аударуды тапсырды. Жылу жүйесін жаңартқаннан кейін тиісінше сынақтан өткізуді ескертті.

Г.МАҒЖАН.

ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ