Тереңкөл ауданының Песчан ауылында жаңа ветеринарлық пункт биыл қолданысқа беріледі. Қазіргі таңда нысанды инвестор өз қаражатына салуда. Кейін бюджет қаражатына сатып алынады.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, ауылдағы ветеринарлық пунктте 50 шаршы метр аумақты әкімшілік ғимарат болады. Ветеринарлық іс-шаралар өткізуге арналған ұзындығы 24 метр, ені 18 метрлік қақпалы мал қора қарастырылған. Ал ғимараттың өзінде екі жұмыс кабинеті, ветеринарлық дәрі-дәрмекті сақтайтын қойма, санитарлық торап, дәліз, өз-өзіне қызмет көрсету аймағы болады. Сонымен қатар, нысанның екі кіреберісі ұйымдастырылған. Бірі – негізгі кіреберіс, екіншісі биоматериалдармен жұмысқа арналған. Нысанда пандус та орнатылған. Ғимарат газдыблоктан және қаптама кірпіштен салынуда. Төбесі металл жабындысымен жабылады. Бюджет есебінен қыркүйек айында нысан инвестордан сатып алынады.
Айта кету керек, облыста 2026-2027 жылдары жалпы сипаттағы транс-ферттерге ветеринарлық мақсаттағы
172 нысанды сатып алуға 4 млрд 643 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 7 ветеринарлық станция ғимараты, 71 ветеринарлық пункт, 94 мал қорымы қолданысқа беріледі. Типтік нысандардың құны да бірдей. Ветеринарлық станциялар мен пункттер құны – 30 млн теңге, ал мал қорымдары – 24,5 млн теңге.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Тереңкөл ауданы
