Биыл аудандағы Шақа орта мектебіне – 75 жыл. Айтулы мереке қарсаңында әр жылдары оқу бітірген түлектердің басын қосқан кеш ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Махаббат Абулова, ардагер ұстаздар, білім ордасын басқарған директорлар, ата-аналар қатысты. Махаббат Өміртайқызы мектептің ауданның білім беру саласына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Ширек ғасыр емес, тұтас 75 жылдық тарихы бар білім ошағы талай буынға білім мен тәрбие беріп, мыңдаған шәкірттің үлкен өмірге қанат қағуына жол ашты. Мектеп қабырғасында білім алған түлектер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, жетістіктерімен туған ауылының абыройын асқақтатып келеді.
Мерейтой қарсаңында мектеп түлектері ардагер ұстаздар қауымына алғыстарын жаудырды. Түлеп ұшқан алтын ұяларына 5 млн теңгеден астам қаржыға естелік сыйлық табыс етті. Атап айтқанда, мәжіліс залына сенсорлық панель, орындық пен басқа да қажетті құрал-жабдықтар орнатты. Бұл – түлектердің мектепке деген ыстық ықыласы мен жанашырлығының көрінісі.
Әсем кеште осы мектепте ұзақ жылдар бойы еңбек еткен екі ұстаздың құрметіне екі кабинет ашылды. Игі бастама — ұстазға жасалған үлкен құрмет. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаздардың есімін ұлықтау – кейінгі ұрпаққа өнеге.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
Аққулы ауданы
