Ертіс ауданы – еңбекқор жұртшылық егін салып, несібесін жерден өндіріп отырған егістікті аудандардың бірі. Шаруалар егіс алқаптарының аумағын ұлғайтып, жылдағыдан мол өнім алуды көздеп отыр.
Биыл егіс көлемі 303141 мың гектарға жетіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда ауданның егіс көлемі 8,4 мың гектарға ұлғайған. Атап айтсақ, дәнді дақылдар 207,9 мың га, майлы дақылдар 62,3 мың га, жем-шөп 32,2 га, көкөністер 0,6 гектарды құрап отыр. Суармалы алқап – 1,995 мың гектар. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, тәжірибелі агроном Қадырбай Әбеновтің айтуынша, егіс науқаны ойдағыдай жүзеге асырылуда.
— Биыл жылдағыдай жем-шөп, дәнді және майлы дақылдар егілді. Егіс науқаны аяқталған соң химиялық өңдеу өткізіледі. Кейін кезең-кезеңімен 4 рет буды өңдеу жүргізіледі. Бұдан кейін шаруалар шөп шабу науқанына кіріседі, — дейді Қадырбай Әбенов. Биыл егіске 30 мың га алқап дайындаған Ертіс ауданының тауар өндірушілері жылдағыдай ылғал тоқтату, көктемгі жер жырту, алдын ала өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізген. Ауданда егіс науқаны аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта 175,4 мың гектарға дәнді және бұршақтұқымдас дақылдар егіліп, 61 мың гектарға майлы дақылдар себілді. Сонымен қатар 25,1 мың гектарға жем-шөп отырғызылған.
— Қазір ауыл шаруашылығы саласына агроном мамандар жетіспейді. Өкінішке қарай, жастар бұл мамандыққа қызықпайды. Бұрын аудан орталығындағы Ертіс аграрлық-техникалық колледжінде осы мамандыққа оқытатын. Сұраныс болмағандықтан, ол жабылып қалды. Колледж қазір тракторшыларды ғана дайындайды, — дейді тәжірибелі агроном. Биыл ауданда көктемгі егіс жұмыстарына 69 егіс кешені мен 406 трактор жұмылдырылды. Аудан шаруалары 15 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде комбайн, егіс кешені, трактор, сепкіш және культиватор секілді егіс, орақ науқандарына қажетті техникалар бар. Ертіс ауданына «ТК Парнас» және «LF TRADE» ЖШС жанар-жағармай операторы болып анықталды. Биыл ауданға 4 756 тонна дизель отыны бөлінген. Операторлық қызметтерді есепке алғанда 1 тонна жеңілдетілген дизель отынының құны 227 мың теңгені құрады. Әр литріне – 190 теңге. Ертіс ауданына жұмыс сапары барысында «Оразбаев» шаруа қожалығында болып, егіс науқаны барысымен таныстық. 1996 жылы құрылған шаруашылық Қарақұдық, Панфилов, Иса Байзақов және Ұзынсу ауылдық округтерінің аумағында орналасқан. Шаруа қожалығының егіс алаңы 21403,7 гектар, оның ішінде суармалы алқап 284,7 гектарды құрайды. Шаруашылықтың агрономы Әлібек Сайлауұлының айтуынша, егіс алқабының 80 пайызына дәнді дақылдар, 20 пайызына майлы дақылдар егілген. Мұнда бидай, рапс, зығыр, сұлы, қарақұмық, күнбағыс, тары, арпа, қыша, жүгері, судан шөп, тәтті беде өсіріледі.
— Шаруашылықта 3 жоғары сұрыпты бидай өсіріледі. Бидайдың элиталы сұрыптарын егіп, 1, 2 репродукциядан кейін жаңартып отырамыз. Жылына 200-300 тонна элиталы тұқым егіп, жаңа өнім аламыз, — дейді ол. «Оразбаев» шаруа қожалығында егіс науқанына 12 техника жұмылдырылып, 24 адам екі ауысымда жұмыс істейді. Шаруашылықта 20 трактор, 6 егіс кешені, 3 өздігінен жүретін бүріккіш, т.б. техникалары бар. Шаруашылық егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Төрт түліктен ірі қара мал, жылқы мен қой өсіреді. Көктемгі егіс науқаны ойдағыдай аяқталған соң, шөп шабу науқанына дайындық басталады. Малға қажетті өнімді ерте қамдау – қыстың қамын жаз ойлайтын шаруалардың ісі.
Т.ӘБІЛДА,
Ертіс ауданы.