Мемлекет басшысы Жолдауында орман қоры 2 миллиард ағашпен толығуы керектігін айтқан болатын. Бұл ретте, аймағымызда ормандарды толықтыру мен орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Атап айтсақ, 5 жыл ішінде орман қорғау және табиғатты қорғау мекемелерінің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 19,6 мың гектар орман ағашын отырғызу жоспарланған. Бұл – қарапайым қарағайдың 106 млн дана көшеті. Соңғы 2 жылда жалпы ауданы 6,2 мың гектарға 32,5 млн көшет егіліпті. Сөйтіп, әзірге кешенді жоспардың 31 пайызы орындалған. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы Аида Қасымованың айтуынша, көшеттерді отырғызу белгіленген агротехникалық мерзімде жүргізілген.

– 2021 жылы облыс бойынша орман көшеттерінің жерсінуі 32%, ал 2022 жылы 41% құрады. Жерсіну деңгейінің төмендеуінің негізгі себебі құрғақшылық болды. Биыл көшет отырғызу жоспары 4 118 га құрайды. Яғни, 22,1 млн дана қарағай көшеті егіледі. Атап айтсақ, облыс әкімдігінің мекемелері 1 250 гектарға (7,3 млн дана), ал республикалық мекемелер 2 868 гектарға (14,8 млн дана) көшет отырғызады. Бүгінде орман қорғау және табиғат қорғау мекелерімен 6,5 млн дана қарағай екпелері 1455 гектарға отырғызылды. Қалған 15,5 мың данасы 2023 жылдың күзінде отырғызылады деп жоспарланған, – дейді А.Қасымова. Отырғызу материалдарымен қамтамасыз ету үшін облыста жалпы ауданы 61 га болатын 3 тұрақты орман тұқымбағы бар. Екеуі «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында, біреуі Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында орналасқан. Стандартты отырғызу материалының жыл сайынғы «өнімі» 18 млн данадан асады. Қос мекемеде отырғызылған көшеттер кешенді жоспарды іске асыру үшін отырғызу материалының қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететінін атап өткен жөн. Техника паркіне тоқталсақ, жоспарды орындау мақсатында «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында 13 трактор, 28 көшеттерді отырғызу машинасы, ГАЗ-САЗ 2507 маркалы 4 жүк автомашинасы және 1 қарағай бүрлерін кептіруге арналған кептіргіш шкаф сатып алынған. Ал, облыс әкімдігінің орман қорғау мекемелерінде 3 трактор, 3 ағаш отырғызу машинасы және 3 аспалы тіркеме жабдығы (соқа) тізімге енді.

Оралхан ҚОЖАНОВ.