Жаз мезгілінде жасөспірімдерді жұмыспен қамтуда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы тиімді тетікке айналғаны белгілі. Бір жағынан оқушыларға табыс табуға жәрдемдессе, екінші жағынан айналаны абаттандыруға айтарлықтай үлес қосады.
Осындай «Жасыл ел» жастар жасағы Тереңкөл ауданында да жемісті еңбек етуде. Жастар жасағының сарбаздары аудан орталығын ғана емес, ауылдарды да абаттандыруға атсалысуда. Жуырда олар Байқоныс және Песчан ауылдық округтеріне арнайы барып, қоғамдық аумақтарды тазалап, бейберекет өскен арамшөптен арылтқан. «Алдаспан» жастар орталығының мәліметінше, жастар қоғамдық аумақтардан бөлек, жалғыз тұратын қариялардың аулаларын ретке келтіруге қол ұшын берген. Яғни, оларға үй шаруасына көмектесіп, қамқорлық пен құрмет көрсеткен. Ұйымдастырушылар мұндай жәрдем жастардың бойында ерікті мәдениетін дамытып, олардың жауапкершілігін арттыруға септігін тигізетінін алға тартады.
Г.МАҒЖАН.
ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНЫ
