Жаңа оқу жылына дайын

Шіл 17, 2026

Қызылқақ ауылында бой көтерген жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда нысандағы негізгі жұмыстар толық тәмамдалып, жаңа білім ордасын пайдалануға беру үшін соңғы дайындық кезеңі жүргізілуде.

Жаңа мектептің құрылысы балалардың заман талабына сай, жайлы әрі қауіпсіз жағдайда білім алуына мүмкіндік жасау мақсатында қолға алынды. Бүгінде ғимараттағы негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Дәлірек айтқанда, қабырғалар мен ішкі қалқалар тұрғызылып, шатыр жабындысы орнатылған. Сонымен қатар жылу жүйесі монтаждалып, терезе және есік блоктары қойылды. Қазандық ғимараты салынып, қажетті жабдықтар орнатылды. Сондай-ақ жылу трассасын тарту жұмыстары аяқталды.

Қазіргі уақытта мектептің ішкі әрлеу жұмыстары да толық аяқталуға жақын. Ғимарат ішінде электрмонтаж жұмыстары жүргізіліп, «Армстронг» үлгісіндегі аспалы төбелер орнатылып, еденге линолеум төселген.

Мектеп аумағы толық қоршалып, кеспетас төселген. Сонымен қатар, оқушылардың спортпен шұғылдануына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында жүгіру жолақтары, хоккей корты мен балалар ойын алаңы салынды.

Білім ордасын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да аяқталған. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сай арнайы техникалардың кедергісіз кіріп-шығуына жағдай жасалған.

Жаңа мектептің пайдалануға берілуі – ауданның білім беру саласын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңында Қызылқақ ауылының оқушылары үшін жасалған үлкен тарту болмақ.

С.ӘБДОЛ.

Ертіс ауданы.