Соңғы жылдары Екібастұз қаласында жылу желілерін жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Бұл бағыттағы ауқымды істер биыл да жалғасын тапты.
Атап айтқанда, төрт жылу магистралін қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Сол арқылы алдағы жылыту маусымында жылу жүйесінің беріктігін нығайту көзделіп отыр. Жаңғырту ісінің барысын қала әкімі Аян Бейсекин үнемі бақылауда ұстайды. Таяуда алаңдарға арнайы барып, атқарылып жатқан істі қадағалап қайтты.
— Мердігерлік ұйымдар қарқынды жұмыс істеп жатыр. Қажетті материалдар, техникалар мен еңбек ресурсы толық көлемде бар. Жылыту маусымына дайындық барысы тұрақты бақылауымда болады, —
деді шаһар басшысы.
Аян Уахитұлы 20 тамызға дейін жылу магистральдеріндегі жоспарлы жұмыстың барлығы аяқталуы тиіс екенін қадап айтты. Ал 20 қыркүйекке дейін жөндеу жүргізілген аумақтарды абаттандырып, ретке келтіруді тапсырды.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Екібастұз қаласы.
