Шабындыққа шалғы түсті

Шіл 16, 2026

Жаздың әр күні – мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін алтынға бергісіз уақыт. Дәл осы кезеңде қысқы мал азығының қоры дайындалады. Аптап ыстықтың салдарынан осы жылы мал азығын даярлау да шаруаларға оңайға соқпайтыны анық. Сондықтан суармалы жүйеге басымдық беріліп отыр. Мәселен, Павлодар ауданында биылғы шөп жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр.

Шөп дайындау науқанының барысымен танысу мақсатында Павлодар ауданындағы Кеңес ауылдық округіндегі «Агротрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы бардық. Мұнда мал азығын дайындау жұмыстары шілде айының алғашқы күндерінде басталып кеткен.

Шаруашылықтың өсімдік шаруа-шылығы бөлімінің басшысы Еркін Әлмағанбетовтің айтуынша, қысқы азық қорын қалыптастыру –
жазғы маусымдағы ең маңызды жұмыстардың бірі.

– Бұл салада еңбек етіп жүргеніме он жыл болды. Оның бес жылын «Агротрейд» серіктестігінде өткіздім. Шілденің басынан бастап мал азығын дайындауға кірістік. Шаруашылықтағы мал басын толық қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 6-7 мың тонна мал азығы қажет болады. Сондықтан әр күнді тиімді пайдаланып, жұмысты ауа райына қарай ұйымдастырамыз, –
дейді маман.

Қазіргі таңда шаруашылықта жоңышқаның үшінші орымы жүргізілуде. Суармалы алқаптағы шөптің шығымы көңіл қуантады. Жалпы, жоңышқа егілген жер көлемі 525 гектарды құрайды. Бұған дейін екі рет шабылған болса, қазір үшінші рет орылып жатыр. Өткен жылы бұл алқаптан төрт рет өнім алынған. Биыл да дәл сондай нәтижеге қол жеткізу жоспарланып отыр.

Қазірдің өзінде аймағымыздағы аптап ыстық біршама шаруаны әбігерге салғаны жасырын емес. Жайылымдық жердің өзінде шөп сапасы түсіп кеткен елді мекендер бар. Осындай кезеңде суармалы жердегі мал азығын дайындаудың да пайдасы көп.

– Суармалы жер болғандықтан, жоңышқаның өсу қарқыны жақсы. Биыл да төртінші орымды аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл мал азығы қорының мол болуына, қысқы азықты мол мөлшерде жинауға мүмкіндік береді, – дейді Еркін Әлмағанбетов.

Жоңышқадан бөлек шаруашылықта асбұршақ пен сұлы аралас егілген алқаптардан пішендеме дайындалуда. Жалпы көлемі 300 гектарды құрайтын егістіктің бүгінде 210 гектарынан өнім жиналып үлгерген. Алдағы күндері қалған алқаптардағы жұмыс толық аяқталады.

Шөп жинау науқанына заманауи техникалар жұмылдырылған. Қазір егістік басында бір шөп шабатын техника, екі тырмалау агрегаты және бір жемшөп жинайтын комбайн үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл техникалардың көмегімен шабылған шөп дер кезінде жиналып, өңделеді. Мал азығын жинау науқанына барлығы 12 қызметкер тартылған. Оның сегізі шөп шабу мен жинау жұмыстарын атқарса, төрт жұмысшы дайындалған пішендемені нығыздап, арнайы консервант қоспаларын енгізумен айналысады. Мұндай технология мал азығының ұзақ уақыт бойы сапасын жоғалтпай сақталуына мүмкіндік береді.

Ал шаруашылыққа қажетті су Ертіс жайылмасынан алынады. Арнайы су айдынының арқасында өсімдіктер уақытылы әрі жеткілікті суарылады. Айта кету керек, қожалықта үлкенді-кішілі 14 жаңбырлатып суаратын техника пайдаланылады.

«Агротрейд» ЖШС мал азығын дайындаумен ғана шектелмейді. Өсімдік шаруашылығы бағытында картоп пен жүгері де өсіріледі. Бұл дақылдар шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, мал азығының қорын әртараптандыруға да мүмкіндік береді.

Жалпы, аудандық ауыл шаруашы-лығы бөлімінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін Павлодар ауданындағы 113,4 мың гектар шабындықтың
8,5 мың гектары орылып, жоспардың 7,5 пайызы орындалған. Оның ішінде Ертіс өзенінің жайылмасындағы
30 мың гектар алқаптың 8,5 мың гектары шабылып, бұл бағыттағы жұмыс 28,3 пайызға жетті. Осы уақытқа дейін 17 мың тонна ірі мал азығы дайындалды. Бұл жоспарланған 138,2 мың тоннаның 12,3 пайызын құрайды. Ал жайылмадағы орташа өнімділік гектарына 20 центнерден айналып отыр.

Мамандардың айтуынша, уақытында әрі сапалы дайындалған жемшөп –
мал шаруашылығының табысты болуының басты кепілі. Сондықтан бүгінгі еңбек ертеңгі қыстың қамы екенін жақсы түсінетін шаруалар әрбір қолайлы күнді тиімді пайдалануға тырысады.

Сара ӘБДОЛ.