Екібастұз қаласында қалалық инфрақұрылымды жақсартуға көп көңіл бөлініп келеді. Айталық, соңғы жылдары инженерлік-коммуникациялық желілердің дені жөнделіп, аулалар абаттандырылды. Ендігі ретте көше жолдарын ретке келтіруге басымдық берілмек.
Атап айтқанда, соңғы төрт жыл аралығында шаһардағы аулалар «жанданды». Бұрын болмаған жарық желілері тартылып, ойын және спорт алаңдары орнатылып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалды. Жалпы алғанда, 200-ге жуық аула қажетті инфрақұрылыммен қамтылды. Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, әлі де шамамен 80 ауланы ретке келтіру міндеті тұр. Мұндай проблемалық учаскелердің барлығы алдағы бір-екі жыл дересінде қамтылмақ.
— Сонымен қатар, соңғы 4 жылда жеке сектордағы 80-ге жуық көше жолына, аула ішіндегі аумақтардағы шамамен 70 учаскеге асфальт төселді. Ендігі ретте негізгі көше жолдарының жабынын жаңарту мәселесі бар. Тұрғындар бұл сауалды облыс басшылығымен өткен кездесуде де көтерген еді. Осы бағытта бірқатар жұмысты қолға алмақпыз, — деді шаһар басшысы.
Атап айтқанда, биыл негізгі 10 көше жолын жөндеу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Кеншілер, Энергетиктер, Б.Момышұлы, Торайғыров, Шешембеков, Беркімбаев және тағы басқа көшелер бар.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ
