Азия құрлығында саналуан спорт түрінен дүбірлі дода өтіп жатса, железиндік өрендер де сол ауқымды жарыстардың алғашқы қадамдарын жасауда. Олай дейтініміз, ауданда «Ұлттық мектеп лигасы» аясында жеңіл атлетикадан жарыс өтті.
Железин аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, аудандық жарысқа
9 мектептен оқушылар қатысты. Олар жас шамасына қарай түрлі топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады.
Мәселен, 4-сыныптың қыздары 300 метрге жүгірсе, ұлдары 400 метрді еңсерді. 5-сынып оқушылары, сәйкесінше, 500-600 метрге жүгіріп, жарысты. Жоғары сынып оқушылары 1200 метр қашықтықта өзара сынға түскен.
– Жарыстың басты мақсаты – оқушылардың дене шынықтыру мен спортқа, салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ, жас спортшылардың спорттық шеберліктерін шыңдау көзделді, – дейді аудандық білім беру бөлімінің дене шынықтыру және бастапқы әскери даярлық бойынша әдіскері Айдос Жылқышиев.
Түрлі қашықтыққа жүгіруден бөлек, эстафеталық жарыс та ұйымдастырылған. Қатысушылар жылдамдық пен төзімділіктерін, спорттық шеберліктерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Г.МАҒЖАН.
Железин ауданы
