Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар үшін қысқы кезеңге алдын ала қамданудың маңызы зор. Осыған орай Аққулы ауданының әкімі Асқар Қажымұрат Майқарағай және Малыбай ауылдық округтеріндегі бірқатар жеке қожалықты аралап, шаруалардың қысқы маусымға әзірлігін көзбен көрді.
Жұмыс сапары барысында қожалықтардың жалпы жағдайы, мал басының саны, оның күтімі мен қоңдылығы, сондай-ақ қысқы кезеңге қажетті жем-шөп қорының көлемі назарға алынды. Әсіресе, шабылған шөптің жеткіліктілігі мен сақталу жайы сараланды.
Бүгінде аталған ауылдық округтердегі қожалықтар қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыр. Қажетті жем-шөп қоры жеткілікті мөлшерде жинақталған.
Қожалық иелері де мал басын аман сақтап, қысқы кезеңді ойдағыдай өткізу үшін қажетті шараларды қолға алған. Мал азығын әзірлеу, қора-жайларды ретке келтіру және төрт түліктің күтімін күшейту жұмыстары жалғасуда.
Аудан басшысы қожалықтардың жағдайымен танысып, қысқы мал қыстату науқанына дайындықты уақытылы әрі сапалы жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
Аққулы ауданы
