Аудан орталығында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен кезекті кеңес өтті. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселе күн тәртібіне шығарылып, олардың орындалу барысы жан-жақты сараланды.
Кеңес барысында үш негізгі мәселе қаралды. Алғашқысы – елді мекендерді сапалы интернет байланысымен және мобильді интернетпен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстардың қазіргі жай-күйі талқыланып, шалғай ауылдардағы байланыс сапасын жақсарту, тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыру және байланыс операторларымен өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – құрылыс нысандарының сапасына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. Жауапты сала мамандары аудан аумағында салынып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы құрылыс жұмыстарының сапасы, техникалық талаптардың сақталуы және бақылау шаралары туралы баяндады. Үшінші мәселе ретінде 2026 жылдың алғашқы 6 айындағы құтыру ауруына қатысты эпидемиологиялық ахуал және алдын алу шаралары қаралды.
Кеңес қорытындысында аудан басшылығы жауапты мемлекеттік органдар мен бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, белгіленген міндеттердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы
