Шарбақты ауданында орманды қорғауға баса мән берілуде. Осы мақсатта «Ертіс орманы» табиғи резерватының ұйытқы болуымен орман алқаптарының санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза орман» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға резерват қызметкерлері белсенді қатысып, ағаштар өсіп тұрған аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, демалыс орындары мен орман ішіндегі ластанған учаскелерді жинастырды. Сонымен қатар, акция аясында мамандар тұрғындарға табиғатты таза ұстаудың мән-маңызын айтып, орман экожүйесін сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екенін түсіндірді.
Резерват өкілдерінің айтуынша, мұндай экологиялық шаралар орманның табиғи қалпын сақтауға, өрт қаупін азайтуға және қоршаған ортаға деген құрметті арттыруға үлкен септігін тигізбек. Осындай мақсатты көздеген «Таза орман» акциясы экологиялық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады және алдағы уақытта тағы да жалғасын табады, дейді мамандар.
Н.АҚЫТЕГІ.
Шарбақты ауданы.
