Алыстан су арбалау артта қалды. Береговое ауылдық округіне қарасты Осьмерыжск елді мекенінің тұрғындары ауызсуды іргеден емес, көрші ауылдардан, аудан орталығынан тасымалдап келген. Биыл ауылға су құбыры тартылып, елді мекен халқы «қолын жылы суға малды».

200 адам тұратын ауылда ешқашан су құбыры болмапты. Кезінде бұл елді мекен арлы-берлі өтетін көліктің уақытша тұрағы іспеттес әкімшілік бірлік санатында болған. Сондықтан, су құбыры қарастырылмапты. Тұрғындар да Ертістің суын тұтынып, күн көріп жүре берген көрінеді. Соңғы уақытта тұрғындар жыл сайынғы әкіммен кездесуде мәселені көтеріп, таза ауызсуға қол жеткізуді сұраумен келді. Сол өтініш биыл ауданның 95 жылдық мерейтойында қабыл болды. Сәуірде басталған жоба қыркүйекте қолданысқа берілген. 14 шақырымдық су құбыры Береговое ауылынан тартылыпты. Себебі, шағын елді мекеннің жерасты суы тұзды, ауызсуға арнауға жарамайтын болған. 350 млн теңгеге тартылған құбыр елді мекен тұрғындарының талай жылғы арманы еді.