«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры серіктестері — «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» қоғамдық қоры, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бірлесіп, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасын жүзеге асыруда.

Былтыр жобаға 17 мектеп қатысса, биыл жобаға 63 тірек мектебі қосылды. Оның бірі — Аққулы ауылының жалпы білім беру мектебі. Мектеп басшысы Руслан Қамбаровтың айтуынша, Аққулы ауылының жалпы білім беру мектебінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 250 млн теңге қаражат бөлінген. Қаржы мектепте оқу және оқушылардың қосымша білім және спортпен қамтылуына арналған 37 кабинетті жабдықтауға жұмсалады. Атап айтқанда, оқытудың техникалық құралдары және құрылғылары, STEM лаборатория, мектеп телестудиясы, мәжіліс залы, кітапхана, асхана, спорт залы, қыз балаларға арналған тігін және тамақтану мәдениеті шеберханалары, ұл балаларға арналған технология шеберханасы жабдықталады. Сондай-ақ шахмат, информатика, робототехника, информатика, мультимедия, ART студия, тарих, география, биология, химия, бастапқы әскери-техникалық дайындық, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, физика, математика, ағылшын тілі, логопед, домбыра, интелектум, психолог кабинеттері, мектепке дейінгі даярлық және 7 бастауыш сынып кабинеті жабдықталады. Келісімшарт бойынша құрал-жабдықтар қараша айында жеткізіле бастайды. Осылайша мектеп пәндік сыныптарға қажетті зертханалық құрал-жабдықтар, компьютер, принтер, спорттық жабдықтар, лед-экрандар, т.б. оқу үрдісіне қажетті заманауи техникамен қамтылады. Айта кетейік, 2022 жылы күрделі жөндеуден өткен Аққулы ауылының жалпы білім беру мектебінде бүгінде 70 мұғалім қызмет етіп, 546 бала білім алуда.

Т.ӘБІЛДА.