Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында білім беру саласын дамыту, педагогтердің біліктілігін арттыру мәселесіне айрықша
мән берген болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл жөнінде кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәсли- хатында сөз болды.  

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырова елімізде педагогтер мәртебесін арттыру мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән беріліп жатқаны қуантатынын атап өтті.

— Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек» деген сөзі барлық ұстазды жігерлендірді. Бастысы, бүгінде еңбекқор, жетістікке жеткен педагогтерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, қосымша ақылар төленуде. Сондай-ақ, мол жетістігі бар мұғалімдер үшін жергілікті атқарушы органдар республикалық бюджет туралы заңға сәйкес айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы. Ғылыми атақтар үшін де арнайы үстеме ақылар қарастырылған. Осының бәрі ұстаздарға деген зор құрмет, — деді Самал Қанатқызы. Оның айтуынша, аймағымызда соңғы үш жыл аралығында педагогтердің еңбектерін ынталандыру мақсатында «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі бекітіліп, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (3 450 000 теңге) үстемеақы төленуде. Сонымен қатар, биыл кәсіби мереке қарсаңында 200-ден астам педагог марапатталып, 12 ұстазға «Еңбек ардагері» және 4 мұғалімге  «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері тағылған. Жолдау жүктеген міндеттердің бірі – қала мен ауыл балаларының білім сапасын теңестіру. Осыған орай, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқу сапасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында «Қаладан — ауылға» жобасы іске асырылуда. Соның аясында облыстағы 12 мамандандырылған мектептің үздік тәжірибелері елді мекендердегі білім ордаларының оқу-тәрбие үдерісіне енгізілуде екен. Облыс оқушыларына сапалы білім беруде ерекше балалар да назардан тыс қалған жоқ, дейді мамандар. Осы бағытта жыл бойы жалпы білім беретін мектептердің 300-ден астам педагогын қамтыған «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды үйде оқытудың ұйымдастырушылық–педагогикалық негіздері», «Инклюзивті практика жағдайында тьюторлық сүйемелдеу», басқа да оқу бағдарламалары табысты жүзеге асуда. Баспасөз мәслихатында сөз алған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ-ның облыстық филиалының басшысы Роза Әшімбетова мұғалімдердің біліктілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.

— Шыны керек, қазіргі балалардың көбі оқуға құштар емес. Ақпараттың дамыған дәуірі. Бүгінгідей құбылмалы заманда жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін ұстаздарға кәсіби шеберлік қажет. Бұл ретте, біздің орталық көмек көрсетуге әзір, — деді Роза Дүйсенқызы. Сондай-ақ, ол осы мақсатта жаңа жобалар жүзеге асып жатқанын, арнайы курстар ашылғанын да атап өтті. Ал облыстық білім беруді дамытудың инновациялық орталығының басшысы Бақытгүл Аушахманова өңірде педагогтарды әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқанын алға тартты.

— Мектепке дейінгі ұйымдар үшін «Бақытты бала», ал жалпы орта білім беру мекемелерінде «Мектепке бағдар» жобасы іске асуда. Былтырдан бері педагог мәртебесін арттыру бойынша «Ұстаз келбеті» жобасы қанат қақты. Сол бойынша «Қазақ» радиосы арқылы ай сайын жоспарлы түрде облыстағы жоғары нәтиже көрсеткен, жетістігі бар педагогтер, жас мамандар, мектеп басшыларының үздік тәжірибелері көпшілікке жария етілуде, — деді ол. Жиын соңында қатысушылар БАҚ өкілдерін толғандырған сауалдарға жауап берді.

Нұржайна ШОДЫР.