2014 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің шешімімен 18 мамыр «Түркі жазуы күні» деп бекітілді. Атаулы күнге орай жуырда «Достық үйінде» «Түркі өркениеті: тарих шындығы және бүгінгі көзқарас» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға аймағымыздың зиялы қауым өкілдері, облыс мектептерінің мұғалімдері және оқушылары қатысты.

 

Шараның мақсаты – өңірімізде тұратын, мәдениеті, өнері мен тарихы ортақ түркі халықтарын біріктіру. Сонымен қатар, түркі тілдес халықтарының  мәдени мұрасы туралы ақпараттандыру, тарихтағы түркі жазулары мен  мәдениетінің рөлін нығайтуға бағытталған.

Шара барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан аталмыш жиындағы ғалымдардың зерттеулері тіліміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, маңыздылығын жоймайтынына дәлел бола алатынын атап өтті.

Сондай-ақ, конференцияда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеті мен Торайғыров университетінің, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагоги-калық университетінің профессорлары баяндама жасады.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыптың сөзінше, түркі тілдеріне тіркелмеген тіл бар. Ол — Моңғолияда тұратын «Қотым» этносының тілі. Олардың тілдері жойылса да, халық ретінде бар.

Спикердің сөзінше, қазіргі таңда аталмыш ұлыстың саны 11 мыңға жетеді. Ғалым бұл халықты үшінші жыл қатарынан зерттеуде.

– «Қотым» этносынан 1000-ға жуық сөз табылды. Экспедицияда ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын сөздерді теріп жүрміз. Алдағы уақытта толық зерттеу жасағаннан кейін, түркі әдебиетіндегі тілдерге тіркейміз деген ой бар, – дейді Ж.Жақып.

Оның айтуынша, 1883 жылы  Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген саяхатшы, географ Г.Потанин Батыс Сібірді аралағанда аталмыш тілдің 87 сөзін жазып алады. 1916 жылы атақты моңғолтанушы Владимир Цовтың зерттеу еңбектерінде де 100-ге жуық сөз кездеседі. Оның ішінде Г.Потанин зерттеулеріндегі сөздер қайталанады.

Сонымен қатар, конференция барысында түркі тілдес халықтарының мәдени мұрасы, жазба мәдениетінің тарихы, тіл және дүниетанымы тақырыптары кең талқыланды.

Айта кетейік, аталмыш конференция дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі. Жиын соңында тіл саясатын жүзеге асыруға және өңірдің рухани-мәдени өміріне белсенді қатысуға үлес қосқан тұлғалар Алғыс хаттармен марапатталды.

Өз тілшіміз.