Газетіміздің өткен аптадағы нөмірінде Аққулы ауданына қарасты Тілектес ауылындағы Тілектес жалпы орта білім беру мектебінің апатты жағдайда тұрғаны жайлы мәселе көтерген едік. Айтып ауыз жиғанша, ауылдықтарды толғандырған айтулы мәселенің оң шешімін табатыны белгілі болды. Яғни, жақында облыстық мәслихат сессиясында аймақ басшысы Асайын Байханов Тілектес елді мекенінде жаңа мектеп салынатынын жария етті.

 

Бұған дейін жазғанымыздай, ауыл мектебінің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Ғимарат әу баста басқа мақсатқа арналып салынғандықтан мұнда спорт зал мен мәжіліс залы атымен жоқ. Дене шынықтыру пәні далада өтеді. Ауа райы қолайсыз күндері балалар сыныпта отыруға мәжбүр. Мәжіліс залы болмағандықтан мектептегі мерекелік іс-шаралар қуықтай дәлізде ұйымдастырылады. Басы артық сыныптың жоқтығынан қосымша сабақтар мен үйірмелер де өткізуге мүмкіндік жоқ. Қыс болса, мектеп іші азынап кетеді. Тіпті, аязды күндері балалар сырт киіммен отыратынын айтады. Ең өкініштісі, білім ордасына жарты ғасырдан астам уақыт бойы мүлдем күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Соған қарамастан төбесі майысып, сылақтары үгітіліп түсіп, қабырғалары құлауға шақ тұрған қамыстан салынған ескі ғимаратта оқушылар әлі оқуын жалғастыруда. Бұл жағдайға алаңдаған ата-аналар Мемлекет басшысына, Сенат депутаттарына жаңа мектеп салу туралы өтініштерін білдірген болатын.

Сондай-ақ, тұрғындар Аққулы және Шарбақты аудандарының атынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Нағимаш Жүсіповаға да қоғамдық қабылдау барысында мектептің техникалық жағдайы мәз емес екенін айтып, көмек көрсетуін сұраған. Көпшілікті толғандырған түйткілді мәселенің мән-жайымен әбден қанық болған депутат өз кезегінде облыстық білім беру басқармасына бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдап, тұрақты комиссия және облыстық сессия отырыстарында осынау ауыл мектебінің жағдайын үнемі көтеріп келген. Тіпті, бұл сұрақ бойынша Нағимаш Ғарифоллақызы облыстық мәслихатта арнайы комиссия отырысын құрып, соның шешімі бойынша Тілектес ауылдық мектебінде депутаттардан құралған көшпелі комиссия отырысын ұйымдастыруға ұйытқы болады. Сөйтіп, арнайы көшпелі комиссияның ұйғарымымен Астана қаласынан тәуелсіз сараптама өкілдері шақырылады. Себебі, 2022 жылдың 20 маусымында бұл мектептің ғимаратына техникалық тексеру жүргізіліп, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететіні жайлы шешім шығарылған. Осы мақсатқа биыл облыс қазынасынан 150 млн теңге де қарастырылып қойған. Алайда, астаналық тәуелсіз сараптама өкілдерінің қорытындысы бойынша мектеп апатты жағдайда деп танылады. Бұл туралы ағымдағы жылдың 12 наурызы күні ғана белгілі болды. Осы жағдайды ескерген облыс әкімі сессия отырысында келесі жылы Тілектес ауылында заманауи үлгідегі жаңа мектеп салынатынын айтып, тұрғындардың талап-тілегі әрдайым басты назарда екенін алға тартты. Сонымен қатар, ол облыстық құрылыс басқармасына жобалау жұмыстарын бастауды тапсырды.

Демек, көп ұзамай аймағымыздағы тағы бір апатты жағдайда тұрған ескі мектептің орнына жаңа білім ордасы бой көтермек. Бұл жағымды жаңалықты естіген тілектестік тұрғындар мен оқушылардың қуанышында шек жоқ.

Жылдан-жылға халық саны артып келе жатқан елді мекенде заманауи мектептің салынуы – ел ертеңі болар жас ұрпақтың сапалы білім алуы әрі ауылдың дамуы үшін үлкен мүмкіндік болмақ.

Нұржайна ШОДЫР.