ұлттық жобадан ұтарымыз көп…

Жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына айрықша мән берілуде. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің әр аймағында сәтті жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы соның дәлеліндей.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, аталмыш жоба аясында бірнеше жылдың ішінде 740 мыңнан астам қазақстандық оқушыны қамтитын 369 заманауи үлгідегі жаңа мектеп бой көтереді деп жоспарлануда. Бұл – отандық білім беру саласында бұрын-соңды болмаған жағымды жаңалық, шәкірттер үшін жаңа мүмкіндік әрі жан-жақты қолдау екенін атап өткен жөн.

Жобаның мақсаты не?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әу баста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының басты мақсаты – ауыл-аймақтардағы апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу екенін ашып айтты.

– Көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет, – деген Мемлекет басшысы аталған жобаның талапқа сай жүзеге асуын, бұл мақсатқа бөлінген қаражатты игеру ісі де қатаң қадағалауды қажет ететінін қадап айтқан болатын.

Осылайша, тікелей Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында елдегі қалаларда 205, ал ауылдық жерлерде 164 білім беру нысанының құрылысы салынбақ.

– Бұл мектептердің жобалық қуаты 300-ден 2 500 орынға дейін болады. Білім беру мекемелері ең алдымен оқушы орны тапшы және аса өзекті апатты мектептердің орнына салынады. Жаңа мектептерді салу кезінде министрлік әкімдіктермен бірге әрбір өңірдің, әрбір елді мекеннің бала санының өсу динамикасына, көші-қон процестеріне талдау жүргізіп, соның нәтижесіне арқа сүйеп отырады. Сондықтан жоспарланған жайлы мектептердің басым бөлігі Астана, Алматы қалаларында, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда облыстарына тиесілі. Бұл өңірлерде оқушы санының ұдайы өсу тенденциясы бар, – дейді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Жалпы, жобаны жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан барлығы 2,4 триллион теңге бөлінген. Ендігі міндет – білім беру мекемелерінің құрылыс жұмыстарын жоспарға сай салып, белгіленген уақытында пайдалануға беру, дейді жауапты мамандар.

Биыл 217 нысан салынады

Сөз басында атап өткеніміздей, ұлттық жоба аясында барлығы 369 білім беру мекемесінің қабырғасы қаланбақ. Оның 217-і биыл салынып, ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал қалған 152 мектеп келесі, яғни 2025 жылы бой көтермек.

Қуантарлығы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының игілігін павлодарлық оқушылар да көретін болады. Аталған бағдарлама аясында аймағымызда 5 мектептің құрылысы салынбақ. Нақтырақ айтар болсақ, осы жылы облыс орталығындағы Достық шағын ауданында 1200 орындық және Гагарин көшесінде 600 балаға арналған №47 жалпы орта білім беру мектебі ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, 2025 жылы тағы да 3 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тұсауы кесілмек. Бұл білім ордалары Павлодар қаласындағы оқушы орындарының тапшылығы бар «Жастар», «Усолка» және «Шығыс» шағын аудандарында ашылатын болады. Таяуда ғана облыс әкімдігінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында өңірімізде бой көтеретін жайлы мектептердің құрылысын салу және сыртқы инфрақұрылымын жүргізу мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы Асайын Байханов аталған іске жауапты мемлекеттік мекемелерге ұлттық жобаны өз деңгейінде жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар, ол жаңадан салынатын мекемелер қажетті жер учаскелерімен және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетінін тілге тиек етті.

Демек, жас ұрпақтың игілігі үшін қанат қаққан ауқымды жобаның ойдағыдай орындалуына облыс әкімдіктерінен бастап жауапты министрліктер де баса мән бермек.

Отандық өнімдер пайдаланылады

Жайлы мектептерде шәкірттердің жан-жақты сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалады. Яғни, жаңа білім ордалары заманауи құрал-жабдықтарымен, пәндік кабинеттермен, зертханалармен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, оқу үрдісіне қажетті өзге де қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілетін болады.

Ерекше атап өтерлігі, ұлттық жоба бойынша бой көтеретін жайлы мектептерге тек отандық жиһаздар ғана сатып алынады деп жоспарлануда. Демек, бұған дейін ел арасында айтылған алып-қашпа әңгімелердің орынсыз екенін түсінген жөн. Бұл жөнінде мәлімдеген «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров:

– Бүгінде қызу талқыға түсіп тұрған негізгі мәселеге тоқтала кетейін. Ол – жобаға отандық тауар өндірушілердің қатысуы. Әлеуметтік желіде бізді «отандық тауар өндірушілердің қатысуына кедергі келтіріп отыр» деген ақпарат тарауда. Барлық жауапкершілікпен мұның бәрі өсек-аяң екендігін, шындыққа сай келмейтіндігін мәлімдеймін. «Samruk-Kazyna Construction» отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттеме алады. Үкіметтің қаулысында «Samruk-Kazyna Construction» міндеті «Samruk-Kazyna», «Атамекен» ҰКП тізіліміне енген және СТ-KZ сертификаты бар отандық тауар өндірушілерден ғана жиһаз өнімдерін сатып алуы керектігі нақты белгіленген, – деді жуырда «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі алаңында өткен жиында. Сонымен қатар, ол аталмыш жоба республикалық бюджеттен және Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылатынын, ал мемлекет қаржысы ел экономикасына жұмыс істеуі тиістігін алға тартты.

Демек, елімізде салынатын 369 мектептің барлығы сертификаты бар сапалы отандық жиһаздармен қамтамасыз етілмек. Бастысы, отандық өндірушілер де жаңа білім ордаларын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын екендіктерін мәлім еткен.

Қолайлы жағдай жасалады

Ұлттық жоба аясында салынатын мектептердегі бастауыш және орта сыныптарды жеке блоктарда ашу қарастырылған. Ондағы асхана, жуынатын бөлмелер мен спорт залдары да бөлек болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, әр оқушыға жеке шкаф пен жылжымалы трансформациялық үстел орнатылады. Білім беру мекемесінің әр қабатында су ішетін фонтан болады. Әрбір аудиторияда микрофон гарнитурасы, веб-камера, интерактивті панель, интернетке қосылған дербес компьютер қойылады. Ал мектеп ауласында жасыл алаңдар, көлеңкелі шатырлы және шағын архитектуралық пішіндері бар демалуға арналған орындар, коворкинг, бастауыш мектеп блогының жанында ашық ойын алаңдарын салу жоспарлануда.

Қысқасы, «жайлы мектеп» деп аты айтып тұрғандай, оқушылардың ештеңеден мұқтаждық көрмей, жайлы білім алуы үшін қолайлы жағдай жасалмақ.

Қоғамдық бақылау жүргізіледі

Мамандардың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының өз деңгейінде талапқа сай жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін үздіксіз мониторинг жасалып, қоғамдық бақылау жүргізілмек. Яғни, енжарлыққа, немқұрайлылыққа жол жоқ. Бұл –
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің талабы.

– Министрлік тарапынан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын сапалы іске асыру бойынша бірқатар маңызды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Біз балалар мен оқытушылардың көңілінен шығатын жаңа мектептер салуды жоспарлап отырмыз. Осы жұмысты әкімдіктермен, бірыңғай оператормен және отандық тауар өндірушілермен бірлесе ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жұмысқа барынша қолдау көрсетуге, әдістемелік сүйемелдеуге дайынбыз. Біз қоғамдық мониторингті іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деген ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан. Сондай-ақ, ол мүдделі тараптар мен қоғамдық ұйымдардың мүшелерін ұлттық жобаның іске асу барысын бірлесе қадағалауға белсенділік танытуға
шақыруда.

Жұмыс орындары ашылады

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде елдегі үш ауысымды және апаттық мектептер мәселесі толығымен оң шешімін тауып, отандық білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға, жүздеген білім ордасының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға үлкен мүмкіндік тумақ. Қала мен ауылдық жерлердегі білім сапасын теңестіруге мүмкіндік жасалмақ. Яғни, елді мекендерде тұсауы кесілетін жаңа мектептерде де дәл қаладағыдай жайлы жағдай жасалатын болады. Сонымен қатар, 2026 жылға қарай орта білім беру нысандарын салу есебінен кемінде 53,5 мың уақытша жұмыс орны және 41,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Соның нәтижесінде елдегі жұмыссыз жандардың қатары азаймақ.

*  *  *

Осылайша, алдағы бірнеше жылдың ішінде отандық білім беру саласында үлкен өзгерістер орын алады деп жоспарлануда. Яғни, елімізде жүздеген заманауи мектеп пайдалануға беріледі. Онда мыңдаған шәкірт озық білім алады. Оларды оқыту үшін білікті мамандар тартылады. Бос жұмыс орындары ашылады.

Бір сөзбен айтқанда, ұлттық жобаның болашағынан күтер үміт зор, ұтарымыз мол болмақ.

Нұржайна ШОДЫР