Бүгінде ауа райының бірде жылы, бірде салқын болуы адам ағзасына кері әсерін тигізуде. Соның себебінен аймақта мыңдаған  адам   тыныс  алу жолдарының  дертіне  шалдыққан. Олардың көпшілігі әлеуметтік желілерде қазіргі вирустың тым агрессивті екенін айтады. Облыста бұл ауру түрімен қанша адам тіркелді? Оның алдын алу үшін не істеу қажет? Осы және өзге де сауалдарымызға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева жауап берді.

– Айгүл Мақанқызы, күн суытса, тыныс алу жолдары ауруының маусымы басталатыны сөзсіз. Бүгінде көп адам бұл ауруға шалдығып жатыр. Осы жылғы  вирус емге бой бермей жатқаны жиі айтылып жүр. Бұл маусымдық аурудың әр жылы өзіндік ерекшелігі бола ма?

– Жыл сайын күз, қыс айларында халық арасында  жедел респираторлық вирус аурулары өршиді. Ауру тарататын вирустың А,В,С деген үш түрі бар. Олар әртүрлі факторлардың әсерінен өзгеріп, тыныс алу жолдары ауруының жаңа вариантын түзуі мүмкін.

– Облыста вирус жұқтырған адамдардың саны күннен-күнге артып келеді. Бүгінде қанша адам тіркелді?

– Павлодар облысында қараша айында ЖРВИ-дің 138 539 жағдайы тіркелді. Былтыр одан аз адам ауырған еді. Өткен жылы 103306 тіркелді. 14 жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ жағдайларының саны – 90512, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар арасында – 3277.   164 жүкті әйел жұқтырды. Ал өткен аптада 16 845 жағдай тіркелді.

– Сырқаттың алдын алу шаралары туралы айтып өтсеңіз…

– Аурудың алдын алу үшін қарапайым шараларды сақтау қажет. Мәселен, адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық бөлмелерге баруды шек-
теу, үй-жайларды үнемі желдету, антисептиктерді қолдану арқылы дезинфекциялық режимді күшей-
ту керек. Қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезин-фекциялық майлықтарды қолдану қажет. Науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде үйде болуыңыз тиіс.

– ЖРВИ кезінде не болады?

– Вирустар мен бактериялар тыныс алу жолдарына түседі, шырышты қабыққа түсіп, зиянды заттар уыттар бөліп шығарады. Содан соң олар қан арқылы барлық ағзаға таралады. ЖРВИ-мен балалар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар жиі ауырады. Иммунитет ауырғаннан кейін тұрақты емес, сондықтан әр адам жыл сайын 3-4 және одан да көп ауруы мүмкін. ЖРВИ әдетте жіті, күтпеген жерден басталады. Жұқтыру мен ауру арасында орташа алғанда шамамен 2 күн өтеді. Ауырар алдында адамды мыналар мазалауы мүмкін: шаршау сезімі, әлсіздік, ашушаңдық. Бұдан әрі бұл белгілер көбейеді, бас ауырады, қатты әлсіздік, бұлшық еттер сырқырайды, дене қызуы жоғарылауы мүмкін, терлегіш болады.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.