Жақында әлеуметтік желілерде екпе алмаған балаларды балабақшаға қабылдамау туралы қаулының шыққаны жайлы хабар таралған болатын. Бұл мәселе ел арасында қызу пікірталас тудырған еді. Аталмыш ақпарат шындыққа жанаса ма?

Осы сұраққа еліміздегі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Олжабаев жауап берді.

— Ондай шектеу енгізу үшін Бас санитар дәрігердің қаулысы шығуы керек. Мұндай қаулы шыққан жоқ. Қазір қолданып жүрген бұйрығымызда бала-бақша топтарындағы екпе алмаған балалардың үлесі 10 пайыздан аспауы керектігі айтылған. Одан басқа бұйрық жоқ. Ал ол бұйрық 2020 жылғы Халық денсаулығы туралы кодекс аясында қабылданған. Сол кезден бері ешқандай өзгеріс болған жоқ, – деді ол. Сондай-ақ, комитет төрағасы бұл мәнде тарап жатқан ақпараттардың фейк екендігін атап өтті. Өкініштісі, қазіргі таңда еліміздегі эпидемиологиялық ахуал ел-жұртты алаңдатып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, тек қараша айында 6 мыңнан астам қазақстандық қызылша жұқтырған. Оның ішінде 30 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Министр аталған жұқпалы індеттің алдын алудың жалғыз жолы екпе алу керектігін тағы да ескертті.

Н.АҚЫТЕГІ.