2024 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық дәрілік заттар міндетті түрде таңбалануға жатады. Дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі әрбір дәрілік заттың қаптамасында өнімнің түпнұсқалығын тексеруге болатын бірегей data matrix цифрлық кодтарын пайдалануды көздейді, оны сканерлер, деректерді жинау терминалдары, POS терминалдар және телефон камералары арқылы сканерлеуге болады.

Қазақстанда дәрілік заттарға цифрлық таңбалауды енгізудің негізгі себебі – саудаға келіп түскен контрафактінің жоғары көрсеткіші мен дәрілік заттарды елге заңсыз әкелу жағдайларының көп болуына байланысты халықтың денсаулығына тікелей қауіп төндіруі. Сондай-ақ, дәрілік заттарды цифрлық таңбалау әрбір дәрінің қозғалысын онлайн бақылауға, сұранысты бағалауға және қажетті резервтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл мұқтаж адамдардың барлығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінде жұмыс істеу үшін дәріханалар ақпараттық жүйеде дәрілік заттарды қабылдауы қажет. Ол үшін жеке компьютер, деректерді жинау терминалы немесе ұялы телефон (iOS немесе Android негізіндегі смартфон) болса жеткілікті. Дәріхана қызметкері дәрі-дәрмекті сатқан кезде кодты оқуға арналған сканері бар бақылау-касса машинасын, POS-терминалын немесе ұялы телефонды пайдалана отырып, ақпараттық жүйеде дәрілік затты айналымнан алуы қажет.

Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы қызметкерлері дәрілік заттарды сату үшін дәріханаларға не істеу қажет екенін еске салады:

  1. Бақылау-кассалық машинаның (БКМ) болуы. Бұл ретте бақылау-касса машиналарының міндетті болуы таңбалауға байланысты емес және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №208 бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасында 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді.
  2. Таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде таңбаланған дәрілік препаратты айналымнан қабылдау және шығару үшін бақылау-кассалық машиналармен үйлесімді 2D сканерін алыңыз (2D сканерлерінің орташа құны 13 мың теңге).
  3. Бақылау-касса машинасы болмаған жағдайда, таңбаланған дәрілік затты мобильді бақылау-касса машиналары (WebKassa, Rekassa және т.б.) немесе ұялы телефон арқылы сатуға және айналымнан шығаруға болады.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта таңбаланған дәрілік заттарды айналымнан шығару мүмкіндігі Freedom Bank және Halyk Bank сияқты бірқатар екінші деңгейлі банктердің төлем терминалдары арқылы жүзеге асыруға болады.

Қадағалау функциясынан басқа, тегін Naqty Onim қосымшасы тұтынушыларға өнімнің дәріхана сөрелеріне дейін толық жолын, сатып алынған дәрінің Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген шекті рұқсат етілген бағаға сәйкес келетінін білуге мүмкіндік береді. Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы жылына екі рет бекітіледі. Егер таңбалау кодын сканерлегеннен кейін сатып алушы дәрінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін немесе дәрі-дәрмектің құны рұқсат етілген бағасынан жоғары екенін анықтаса, онда ол шағымды қосымшада қалдыра алады.

Н.Қанатбекұлы.