Бұған дейін Павлодар қаласының әкімдігі Усолка шағын ауданындағы оқушылар орнының тапшылығын жою үшін жаңа мектеп салуды жоспарла-ғанын жазған едік. Бірақ құрылыс алаңдарының бірі ретінде су кемелерін жөндеу зауытының орны қарастырылды. Кәсіпорын ұжымы мұндай ұсыныспен келіспей, дабыл қаққан-ды.

Жергілікті билік кеме жөндеу зауыты жұмыс істейтін жер учаскесін мектеп салу үшін белгілеп, оның басшылығы жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты ескерту хат жіберген еді.

— Мұндай хат төбемізден жай түсіргендей болды. Қаланың бас жоспарында рекреациялық аймақ ретінде белгіленген учаскенің қалай мәжбүрлеп қайтарылатын жердің тізіміне қосылғанын да түсінбей дал боп қалдық. Жерді алатын болса, бұл зауыттың жабылуына әкеп соғары анық. Сонда бүкіл елден, көршілес Ресейден келетін кемелер қайда жөнделмек? Кәсіпорындағы қызметкерлер қайда барып, қайдан нәпақасын табады? – деп ашынған болатын «Эллинг» ЖШС атқарушы директоры Николай Цепелев. Бұл іске облыстық прокуратура араласып, мәселенің мән-жайына үңілді. Сөйтіп, қалалық әкімдіктің мұндай шешімі бизнестің дамуына тосқауыл қойып, су заңнамасының талаптарына қайшы келетінін мәлім етті. Бастысы, кәсіпорын аумағын қайтарып алып, оның орнына мектеп салу оқушылардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын Ертіс өзенінің жағалауына мектеп салуға жол берілмейтін болды. Павлодар облысы прокурорының араласуынан кейін жергі-лікті атқарушы органның заңсыз актілері қадағалау актісі бойынша күшін жойды. Ал Усолка шағын ауданында білім ордасын салу үшін басқа аумақтар қарастырылады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.