ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, елдегі 254 микроқаржы ұйымының 50-і несиені онлайн түрде оп-оңай бере беретіні белгілі болған. Соның салдарынан қазіргі таңда онлайн микрокредиттердің көлемі 197 млрд теңгені құрап, қарыз алушылар саны 1 миллионнан асқан. Олардың ішінде 300 мыңға жуық адамның 37 млрд теңге көлемінде проблемалық несиесі бар екені анықталды. Өкінішке қарай, қарыз қамытын кигендердің қатарында несиесін өтей алмай, түрлі қиындықтарға тап болып жатқандар да аз емес. Мұндай жайсыз жағдайларға жол бермес үшін әрі ел тұрғындарына есепсіз несие беріп, еселеп пайда табуды көздеген қаржы ұйымдарына тосқауыл қою мәселесі қоғамда қызу талқылануда.

Сонымен, шағын несиені шектеу дұрыс па? Тығырықтан шығар басқа қандай жол бар? Бұл сұрақтарды «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

 

 Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы: (пікір интернеттен алынды)

— Агенттік тарапынан шағын несиені шектеу бойынша бірқатар ұсыныстар жасаудамыз. Яғни, бүгінде елімізде микрокредиттердің кей түрін толығымен алып тастау мәселесі қарастырылуда. Айталық, жалақы төленетін несиелерді түбірімен жою туралы бастама көтердік. Бұл несиелер қазір 45 күнге дейінгі мерзімге беріледі, оларда 15-20 пайыздық жоғары мөлшерлеме бар. Сондай-ақ, агенттік несие бойынша мерзімі 90 күннен асатын азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредит ресімдеуге тыйым салуды көздейтін заңнамалық түзетулерді дайындады. Әзірге бұл шектеу кірісі ең төменгі жалақының бір мөлшерінен төмен қарыз алушыларға ғана қатысты болмақ. Сонымен қатар, жастар арасында проблемалық қарыздың көбеюі аясында 21 жасқа толмаған азаматтарға ресми кірісі болған жағдайда ғана несие беру туралы талапты енгізу ұсынылып отыр. Біздің тарапымыздан «Жалақыға дейін» деп берілетін шағын несиелерге де тыйым салу мәселесі қозғалуда.

 

Сандуғаш ҚАЛИЖАНОВА, облыстық мәслихат депутаты:

— Шағын несиені шектеумен мәселе шешілмейді. Біз алдымен тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруымыз қажет. Олай дейтінім, шағын несие алатын азаматтардың көбі ойланбастан банкке барып, ақша алғанына мәз болады. Ал оның неше пайызбен берілгеніне мән бермейді. Сөйтіп, оны уақытылы төлей алмағандар ақыр аяғында қарызға белшесінен батады. Мұндай жағдайға тап болғандар аз емес. Сол үшін көптен бері банктегі қарызын өтей алмай жүрген қазақстандықтарға бір рет көмек көрсетіліп, несиесін жауып берген жөн. Содан кейін талапты күшейту қажет. Яғни, олардың тағы да несие алуына шектеу қою керек. Әйтпегенде, той жасаса да, шетелге қыдырса да, тіпті, өлім-жітімге де несие ресімдейтіндер көбейді. Сондай-ақ, қазір тұрғындардың көбі ұсақ-түйекке дейін бірнеше айға бөліп төлеумен сатып алып жатады. Осының бәрін тоқтатуға тиіспіз. Несие тек тұрғын үйді ипотекаға алуға, жеңіл пайызбен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ғана берілгені дұрыс деп санаймын. Әрине, ол үшін қарыз алушының төлем қабілеті қатаң қаралуы керек.

 

Мақсұт ЗАКИРОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Шыны керек, қазіргі уақытта несиесі жоқ адамдар саусақпен санарлықтай ғана. Себебі, дүниенің барлығы аспандап тұр. Бір жалақымен отбасын асырау мүмкін емес. Мәселен, менің әйелім бала күтімі бойынша еңбек демалысында отыр. Ол үшін төленетін жәрдемақы көлемі мардымсыз. Сондықтан қажет болған жағдайда шағын несие аламыз. Айлық табысымыз күнделікті тұтынатын азық-түлік, жолақысы, коммуналдық төлемдер мен дәрі-дәрмектен аспайды. Ал қыста өзімізге, балаларға жылы киім сатып алуымыз қажет. Мұндайда несие алудан басқа жол жоқ. Сол себепті қарапайым халық үшін шағын несие алуға шектеу қою дұрыс емес деп ойлаймын. Керісінше, тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін банктермен келіссөздер жүргізіліп, несие пайызын төмендету мәселесін қарастыру қажет. Сондай-ақ, әр отбасының әлеуметтік жағдайы негізге алынып, несие аларда түрлі жеңілдіктер жасалса екен деген ұсынысым да бар.

 

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.