Осы жылдың басында елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Заң қабылданған болатын. Ол берешекке белшесінен батқан азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған. Сол арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдындағы қарызын есептен шығаруға мүмкіндік бар. Жыл басынан бері біздің өңірде бұл тетікті пайдалануға екі мыңнан астам адам ниет танытты.

Бұған дейін елімізде тек заңды тұлғалардың банкроттығы қабылданып келсе, енді жекелеген азаматтарды да банкрот деп тануға болады. Бұл банктер, микроқаржы ұйымдары алдындағы борыштық жүктемесі көбейіп, оны төлеуге қабілетсіз боп жатқан жағдайда қолданылады. Оның үш түрлі жолы бар: соттан тыс банкроттығы, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімді де тек борышкер бастай алады. Яғни, несие берушінің мұндай рәсімді қолдануға құқығы жоқ. Бұл ретте соттан тыс банкроттық мәселесін мемлекеттік кірістер департаменті қарастырады. Ол үшін қаржы мекемелеріне борышын дер кезінде қайтара алмай жүрген тұрғын egov электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беруі керек. Қарыздың жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден аспаса, соңғы 12 айдан астам уақыт бойы өтелмесе, өтініш берушінің атында жылжымайтын мүлкі, жер учаскесі мен көлігі болмаса соттан тыс банкроттыққа өтініш беруге болады. Осы орайда азаматтың банкпен, микроқаржы ұйымымен борышты реттеу туралы құжаты қоса ұсынылуы қажет. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, осы уақытқа дейін өңір тұрғындарынан 2365 өтініш түсіп, оның 97-сі оң шешімін тапты. Соның нәтижесінде барлығы 151,6 млн теңге қарыз есептен шығарылды. Тағы 1805 өтініш шарттарға сай келген жоқ. Ал 100-ге жуық павлодарлық өтінішті өздері кері қайтарып алды. Сонымен қатар, 400-ден астамы қаржылық мониторингтен өтіп жатыр. Бұл ретте банкрот боп танылған азаматтардың дені, яғни 44 адам облыс орталығында тұрады. Екібастұз қаласының 24 және Ақсу қаласының 5 тұрғыны да банкрот болды. Аудандар арасында Павлодар ауданы «көш бастап тұр». Мұнда банкроттыққа қатысты 15 шешім оң шығарылды. Әрине, қарызын қайтара алмай қапаланып жүргенше банкрот ретінде танылған әлдеқайда тиімді. Алайда бұл несиелік амнистия екенін естен шығармау керек. Берешекті өтеу міндетінен құтылғанымен, оның салдары да болады. Атап айтқанда, банкрот болған азаматтар алдағы 5 жыл бойы банктерден және микроқаржы ұйымдарынан қарыз ала алмайды. Оған үзілді-кесілді тыйым салынады. Тіпті, тұрмыстық техниканы несиеге ресімдеуге мүмкіндік болмайды. Одан соң қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана жариялануы ықтимал. Сонымен қатар, банкроттықтан кейін 3 жыл аралығында қаржылық жағдайына сараптама жасалып, қандай да бір ірі сауда-саттық жасауына қатысты мониторинг жүргізіледі. Қарызды төлейтін, басқа мүлікті сатып алатын қауқары бола тұрып, банкроттықты ресімдесе, бұл әрекеті жалған банкроттық деп танылуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, банкрот деп тану процесі жүріп жатқан тұста азаматтың шетелге шығуына шектеу қойылады. Яғни, банкроттық қарыз мәселелерін шешудің соңғы шарасы екенін түсіну керек. Сондықтан оған дейін жеткізбеген жөн. Соттан тыс банкроттыққа өтініш беру рәсімі, жеке тұлғалардың банкроттық шарттары туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарының сайты мен әлеуметтік желілерінен де білуге болады.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.