Жекеменшік емханаға тіркелген тұрғындар ақысыз-ақ медициналық көмек алуда. Мұндай мүмкіндікті беріп отырған клиникалардың бірі – былтыр ғана облыс орталығында ашылған «MEDIKER YERTIS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы үш рет ірі көлемде мемлекеттен көмек алған серіктестік бүгінде емханалық қызметті жан-жақты көрсетуге көшкен. Ем алушыларға диагностикалық әдіс-тәсілдің озық түрлерін қолдануда. Ол үшін заманауи құрал-жабдықтар әкелінген. «MEDIKER YERTIS» ЖШС-нің директоры Марат Сатабаевтың айтуынша, клиника үш бағытта жұмыс істейді. Біріншісі, ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасы бойынша ірі өндіріс орындарының қызметкерлеріне ем-дом жасалады. Екіншісі, емханаға тіркелген тұрғындарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсетіледі. Үшінші бағытта ақылы көмек алушыларға есігі ашық.

– Бізде диагностикалық қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Өзге медициналық мекемелерде жоқ жабдықтар алынды. Мәселен, құлақ, мұрын, ауыз қуысын тексеретін аппарат арқылы азаматтар барлық өзгерісті экраннан көре алады. Бірақ, мұндай жабдықтың тілін білетін мамандар тапшы. Офтольмологиялық ультрадыбыстық тексеріс жүргізетін аппараттың да артықшылықтары көп. Операция алдында қос жанардағы өзгерістерді айқын көрсетеді, – дейді Марат Тұрсынғалиұлы. Медициналық орталық жұмыс істеуге жоғары санатты, тәжірибелі мамандарды көптеп шақырады. Сондай-ақ, телемедицина қызметін белсенді түрде қолданбақ. Өзге өңірлер мен шетелдік мамандардан онлайн байланыс арқылы кеңес алынады. Мекемеде амбулаторлық-емханалық деңгейдегі, диагностика, күндізгі стационар және өзге де қызметтер көрсетіледі. Басымдық аурудың алдын алуға берілген. Мұндай мүмкіндіктер ұсыну үшін серіктестік мемлекеттік қолдаудың пайдасын көріп отыр. «Медикер» компаниялары тобына кіретін «Mediker Yertis» медициналық орталығы 2022 жылы ашылды. 850 шаршы метрді алып жатқан үш қабатты ғимаратта орналасқан. Міне, осы жылжымайтын мүлікті сатып алуда мемлекеттің көмегі тиген. Серіктестік 2021 жылы ғимаратты сатып алуға 117 млн теңге несие алған. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша субсидия есебінен осы несиенің жылдық мөлшерлемесі 6 пайызға дейін азайтылды. Былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде тағы 110 млн теңге көлемінде несие ресімдеп, оның да пайызы 6 пайызға дейін мемлекет есебінен төмендетілген. Бұл қаражат ғимаратты жөндеу, медициналық мекемені лайықтауға жұмсалған. Кәсіпорын медициналық жабдықтар сатып алу кезінде де мемлекеттің қолдауына жүгінуді құп көреді. 169 млн теңгеге әлем мойындаған өндірушілердің озық жабдықтары алынған. Мұнда да несиенің пайыздық мөлшерлемесі арзандатылған. Осылайша, облысымыздың медициналық мекемелер қатарын толықтырған орталық мемлекеттің демеуімен тұрғындардың денсаулығын жақ- сартуға ден қойып отыр. Айта кетсек, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында биыл облысымызда 21,1 млрд теңгенің 395 жобасы
субсидияланды. Сондай-ақ, 317 жобаға кепілдік берілді. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 9 жобаға қолдау көрсетілген. Екінші деңгейлі банктер, лизингтік және шағын қаржы компаниялары арқылы жеңілдікті несиелеу аясында 3,3 млрд теңгенің 55 жобасы қаржыландырылды. Енді осындай қолдаудың нәтижелеріне тоқталсақ, 2021 жылы мемлекет көмегін көрген кәсіпо-рындар жалпы сомасы 999 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл кәсіпорындардан түскен салықтық түсімдер 70 млрд теңгені құрады. 6,7 мың жұмыс орны сақталып, 462 орын жаңадан ашылды.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.