Екібастұз қаласында жылумен қамтуда түйткілдің туындауының бірден-бір себебі – жүздеген көпқабатты үйдің басқарушысы болмауы. Олардың кейбірінен пәтер иелері кооперативтері бас тартса, кей тұрғындар керісінше үйге жауапты мекемелермен арадағы шартты бұзды. Мұның барлығы алдағы жылыту маусымына кері әсерін тигізбес үшін «иесі» жоқ баспаналарға қала құраушы кәсіпорындар жауапты болмақ.
Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы жылу-электр орталығы мен жылу желілерін жөндеу барысын тағы бір мәрте тексерді. Кеншілер шаһарында 1 маусымда газ құбырлары мен №3 түтін құбырларын жөндеу басталған-ды. Бірінші кезеңде аралық біліктерді орнату, газ құбырларын бөлшектеу, төбелерді жөндеу, қабырғаларды орнату және №6, 7, 8, 9 қазандық агрегаторларының газ құбырларын қалпына келтіру жүргізіледі. Кейін №3 түтін мұржасын жөндеу басталады. Осы жұмыстар барысында ішкі астарын жаңарту, қышқылға қарсы өңдеу, сыртқы жабынды жөндеу, бетон қабатын қалпына келтіру, жарық қоршауларын ауыстыру және т.б. жұмыстар атқарылады. Атап өтерлігі, бұл бағыттағы жұмыстар техникалық аудит қорытындысы дайын болған соң басталды. Жалпы, жылыту маусымы басталғанға дейін жылу-электр орталығының 8 қазандық агрегаты күрделі жөндеуден өтеді.
Станцияны жаңғыртумен қатар жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін тозығы жеткен ескі құбырлардың 6499 метрі бөлшектелді, жаңа магист-ральдар салу үшін топырақ қабаты төселіп, тіректер орнатылды. Айталық, №2 жылу магистралінде ұзындығы 853 метр болатын құбыр мен 6 жылу камерасы бөлшектелді. Енді олардың орнына жаңасын тарту үшін тиісті жұмыстар қолға алынды. №5 жылу магистралінде 2,4 шақырым желі, 2 орнықты және 24 жылжымалы тіреу бөлшектелді. Ал №8 жылу магистралінде 1,2 шақырымдық ескі құбырларды алмастыратын жаңа желілер салына бастады.
Гидравликалық сынақтар кезінде анықталған ақаулар да назардан тыс қалған жоқ. Проблемалық учаскелердегі желілер жаңартылып жатыр. Жалпы, қазіргі таңда 269 ақаудың 220-сы жойылып, соның барысында 12 шақырым құбыр толығымен ауыстырылды. Аймақ басшысы желілерді жөндеу жұмыстарының қарқынын күшейтіп, 12 маусымға дейін аяқтауды тапсырды. Себебі тұрғындарды мейлінше тез арада ыстық сумен қамту қажет.
Асайын Байханов Екібастұздағы сапары барысында көпшіліктің талап-тілегін ескеріп, бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Олар толғандырған мәселелері барын бұған дейін аймақ басшысының әлеуметтік желідегі парақшасына жазған-ды. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 42 мекенжайындағы пәтер иелері кооперативі бірнеше жыл бұрын қызмет көрсетуден бас тартқандықтан, тұрғындар өз үйлерінің барлық мәселелерімен өздері айналысады. Олар жылуды тиісті көлемде беру мәселесін бірнеше жылдан бері шеше алмай келеді.
— Өкінішке қарай, Екібастұзда басқару нысаны жоқ 184 үй бар. Биыл оларды қала құраушы кәсіпорындар қамқорлығына алады. Олар жылыту маусымына дайындалуға да көмектеседі. Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі №42 үйдің мәселесін «Екібастұжылуэнерго» кәсіпорны реттейді. Сондықтан мұнда жылу параметрлерінің төмен болуы сынды мәселелер шешілуі тиіс, — дейді А.Байханов.
Ал Мәшһүр Жүсіп көшесі, 72, 72А және 76-үйлердің тұрғындары жаңа ойын алаңын орнатып, автотұрақ ашуды сұрады. Өтініштер бойынша жұмыс жүргізіледі. Қала әкімдігі осы бағыттар бойынша келесі жылға жобалар дайындап, қаржыландыру тетіктерін қарастырады.
Асайын Қуандықұлы қала тұрғындарымен кездесуден соң Екібастұз әкімдігінде көгалдандыру және дезинсекция бойынша кеңес өткізді. Соның барысында шаһардағы көгалдандыру мен дезинсекцияның сапасын сынға алды. Жергілікті билікке бұл мәселелерге жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.