Павлодарлықтардың күн жылынса, ыстық сумен «қош айтысатынына» еті үйренген. Гидравликалық сынақ жұмыстары, ақауларды ретке келтіру шаралары кезінде ыстық судың болмауы – заңдылық. Десе де, тұрғындар бір ай емес, бір маусым бойы шәйнек қайнатудан әбден шаршады. Ол аздай, кейбір үйлерде мүлдем су болмай, пәтер иелерінің ашуы қайнап отыр.

Әлеуметтік желілерде павлодарлықтардың шағымынан көз талады. Қазір тұрғындар «әкімдік қайда қарап отыр?» деп құр айғайға баспай, мәселенің шешу жолын көрсетіп жазатын болған. Бұл мәселе жылдар бойы қайталанатындықтан, әрқайсысы коммуналдық саланың қыр-сырын түсінетін маманға айналған. Тұрғындардың шыр-пыр болуы түсінікті. Әкімдіктің де өз айтары бар.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арслан Қалияқбаровтың айтуынша, бұл мәселе былтырдан бері реттеліп келеді. Әкімдік жылыту маусымы аяқтала сала гидравликалық сынақ жұмыстарын жүргізіп, жедел ақауларды жөндеуге көшкен. Сөйтіп, көпқабатты үйлерде ыстық судың болмау мерзімі азайтылған.

– Кез келген үйде ыстық судың кем дегенде бір ай уақыт болмауы – қалыпты жағдай. Себебі гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізіледі. Биыл 5 маусымға дейін көпқабатты үйлер ыстық сумен 100 пайыз қамтылады деген мақсат қойдық. Бүгінде 1277 үйдің 1209-да ыстық су (95 пайыз) бар. 54 үйге жылу желілерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты ыстық су 25 тамызда ғана болады. Қалған 14 үйде пәтер иелері кооперативтері ішкі жөндеу жүргізіп жатыр. Сәйкесінше, ол үйлерге де ыстық су тамыз айының басында ғана беріледі, – дейді А.Қалияқбаров.

Сәуір айында облыс орталығындағы барлық үш қалалық ЖЭО-ның жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізілгені белгілі. Сондай-ақ, екі жылда бір рет қолға алынатын температуралық сынақ жұмыстары атқарылған. Ақаулардың былтырғымен салыстырғанда көп болуы да сондықтан. Атап айтсақ, магистральдік желілерде 68 ақау, кварталішілік желілерде 287 ақау анықталған. Бүгінде учаскелердегі ақаулар реттеліп, жоспарланған жөндеу жұмыстары жалғасып жатқан көрінеді.

Иә, қысқы маусымда жылу желілері жарылып, павлодарлықтарды әбігерге салатын апаттар артпаса, азайған жоқ. Құбырларды уақытша жамаумен мәселе шешіле қоймас. Бұл ретте, биыл облыс орталығында соңғы отыз жылда алғаш рет кварталішілік желілер жаңартыла бастады. Жөндеу жұмыстары ең тозған учаскелерде жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, Назарбаев даңғылы – Қайырбаев көшесі – Естай көшесі, Ломов көшесі – Мәшһүр Жүсіп көшесі – Нұркин көшесі, Ломов көшесі – Мәшһүр Жүсіп көшесі – Гагарин көшесі, Ломов көшесі – Мәшһүр Жүсіп көшесі – Нұркин көшесі – Амангелді көшесі шекарасындағы учаскелер. Барлығы 11,7 км жаңа желілер салынбақ. Жөндеу мерзімі – 5 ай. Жоғарыда жазғанымыздай, бұл кезеңде қаланың осы аудандарындағы көппәтерлі тұрғын үйлер ыстық судан ажыратылады. «Бұл алдағы уақытта жылыту маусымының сәтті өтуі үшін қажетті мәжбүрлі шара екенін естен шығармаған жөн», дейді қала басшылығы.

Осылайша, жыл сайын кестеге сай квар-талішілік желілер жаңартылып, шаһардағы жылу желілерінің тозу көрсеткішін азайту көзделіп отыр. Бұған дейін мамандар қыста құбырлардың жарылуы магистральдік желілердің тозуы себебінен емес, осы кварталішілік желілердің тозуы салдарынан орын алатынын айтып жүрген еді. Құр сөз болмай, нақты іс атқарылса игі. Павлодарлықтар көптен күткен жөндеу жұмыстары жүргізілсе, біраз уақыт ыстық сусыз отыруға көнуге дайын екенін алға тартып отыр. Бастысы – жыл сайын бұл мәселеге қайтып оралмайтындай жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілгені маңызды.

Жалпы, облыс орталығындағы жылу желілерінің ұзындығы – шамамен 700 км. Тозу деңгейі 87 пайыздан асады. Өкінішке қарай, оларды тез арада толығымен жаңарту мүмкін емес, бұл айтарлықтай қаржылық, материалдық, еңбек ресурстарын және ұзақ уақытты қажет етеді. Жергілікті билік жаңғыртуды кезең-кезеңімен жүргізетін болады.

Бұл мәселе – облыс әкімі Асайын Байхановтың назарында. Аймақ басшысы әлеуметтік желілерде ыстық суға байланысты тұрғындардан шағым көп түскенін айтады.

– Тұрғындар ыстық судың жоқтығын немесе жылы ағып жатқанына шағымданады. Тіпті, кейбір үйде су мүлдем жоқ. Павлодарлықтарды түсіністік танытуға, сабырлы болуға шақырамын. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде аз уақыт, кейде бір аптаға дейін ыстық судың болмауы – заңдылық. Ал су мүлдем болмаған үйлердегі жағдай дереу жойылатынын айтқым келеді. Менің тапсырмам бойынша арнайы комиссия құрылған болатын. Оның құрамына «Павлодарэнерго» кәсіпорнының мамандары, тұрғын үй инспекциясының қызметкерлері, қызмет көрсету ұйымдарының өкілдері кіреді. Олар әр мекенжай бойынша орын алған мәселені реттеуге тырысады, – деді Асайын Байханов.

Жылу желілерін жөндеу жұмыстары Екібастұз қаласында да жүйелі жалғасып жатқаны белгілі. Көмірлі шаһарда бүгінде 609 көпқабатты үйдің 480-і ыстық суға қосылған. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң 12 маусымға дейін 592 көпқабатты үйге ыстық су беріледі. Тек жылу магистральдарын қайта құру жұмыстарына байланысты 98 үйге ыстық судан біраз уақыт ажыратылатынын атап өткен жөн.

Оралхан ҚОЖАНОВ.