Осы жылдың 1 шілдесінен бастап барлық зейнеткер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинаған қаржысын тұрғын үй сатып алып, ем алуға жұмсай алады.

Мұндай жаңашылдық Әлеуметтік кодекс аясында қарастырылып отыр. Соған сәйкес, БЖЗҚ-да қаржы жинаған зейнеткерлер шотындағы соманың тең жартысын тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емдік қызметтерді алуға бағыттай алады.

– 1 шілдеден бастап зейнеткерлер www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы БЖЗҚ-да жинақталған қаражаттарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін ала алады. Ол үшін «Отбасы банкі» АҚ немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгінуі керек. Сол сияқты осы платформа арқылы біржолғы зейнетақы төлемі есебінен емделе алады, – деп хабарлады Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

Атап өтерлігі, мұндай мүмкіндік зейнетақысы зейнетке шыққан кезде алған жалақысының кемінде 40 пайызын құрайтын тұрғындарға беріледі. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтары сомасының 50 пайызына дейін пайдалана алады.

Жалпы, біржолғы зейнетақы төлемдерін зейнеткерлермен қатар, қордағы жинағы әр жасқа белгіленген «Жеткілікті шек»-тен асатын азаматтар мен зейнетақы аннуитетін ресімдеген азаматтар да иек арта алады.

Өз тілшіміз.