Биыл наурыз айынан бастап «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріле бастады. Бұл бағдарламаға 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Шағын несиенің шарттары қандай? Өтінім беру үшін қандай құжаттар қажет? Бизнес жобалар қалай іріктеледі? Міне, осы және өзге де сұрақтарға жауап беріп, жобаның облыстағы ахуалын білу мақсатында бұл тақырыпты кеңінен тарқатып көрейік.

Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті қолдау бағытында мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер жетерлік. Қайтарымсыз қаржы, яғни гранттар мен жеңілдетілген несиелер – осының бір айғағы. Биылдан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастарға 2,5 пайызбен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Бұл бағдарлама негізінен экономиканы өркендетуге басымдық береді. Ең бастысы, бизнес жоспарыңыз бен кепілге қоятын мүлкіңіз болса болғаны. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады. Жалпы, өз кәсібін ашқысы келген кез келген азаматтың 5 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі бар.

Алайда бұл несие түрін әлі де білмейтіндер көп көрінеді. Оны қалай алады, кімдерге беріледі? Осы сауалдар төңірегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюповамен әңгімелестік. Оның айтуынша, «Жастардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу үшін бюджеттік кредиттер ұсыну» бағдарламасы шеңберінде сәуір айының соңында алғашқы комиссия отырысы өтті. Онда жастардың ұсынған 17 жобасы мақұлданған.

– Биыл 2,5 пайыздық шағын несиелеуді жүзеге асыруға Павлодар облысына 785 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған жоба жаңа жұмыс орындарын құруға, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға септігін тигізеді. Үміткерлердің жасы 35-тен аспаған және кепілдікпен қамтамасыз етілуі тиіс. Комиссия мүшелерінің жұмысына келсек, жобаларды іріктеуде бизнес-жобаның өзектілігіне, экономикаға қосар үлесі мен өміршеңдігіне мән беріледі, – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, бекітілген ереженің талабына сәйкес, комиссия отырысында жұмыстың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Ал комиссия құрамына облыстық мәслихат депутаттары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, ғылым-білім беру мекемелері мен бизнес және салалық сарапшылардың өкілдері кіреді.

Комиссияның мақсаты – ұсынылған жобалардың біздің өңірге қаншалықты қажет, қаншалықты өңірдің экономикасының дамуына үлес қосатынына баға беру. Қаржыландыру туралы шешімді осы конкурстық комиссия қарайды. Олар әр бизнес жобаны мұқият зерттеп, сәйкесінше шешім шығарады. Айта кетейік, алғашқы комиссия отырысында өтініш білдірген жастардың бірнеше жобасы қолдау тауып үлгерді. Солардың бірі Нариман Жасталап Аққулы ауданының Төсағаш ауылынан келген. Мал шаруашылығын дамыту үшін жастардың кәсіпкерлігін қолдауға арналған жеңілдетілген бағдарламаға қатысып, кәсібін кеңейтуге ниетті.

– Алғалы тұрған сома – 4 миллион 900 мың теңге. Ауылдық жерде өзімнің кішігірім шаруашылығым бар. Аталмыш бағдарламаға қатысып, тағы да 14 бас ірі қара алайын дегенмін. Малға жақын адамбыз. Қыр-сырын білеміз. Жайылымдық және шабындық жерлеріміз бар, техника да жеткілікті. Бұл жеңілдетілген несие – мемлекет тарапынан жастарға берілген үлкен мүмкіндік, – дейді кәсіпкер.

Бизнеске бет бұрған жастардың ұсынған жобаларының дені қызмет көрсету, тағам өндірісі, мал шаруашылығы мен сауда-саттыққа қатысты. Арасында инновациялық идеясын іске асырғысы келетіндер де кездеседі. Әрине, Павлодар облысы аграрлы саласы дамыған аймақ болғандықтан, кәсіпкерлер көбіне мал шаруасын басты бағытқа алады. Сондай-ақ, құрылыс саласы мен жаңа жобаларға да несие алушылар көбеюде. Грант алып, кәсібін бастаған, бірақ қосымша қаржы жетпей қалған жастар да осы жобаға иек арта алады. Мәселен, Павлодар қаласында сән салондарымен айналысатын «DiNail» ЖК-нің басшысы Дина Әбенова жеңілдетілген несие арқылы енді өзін қоғамдық тамақтандыру саласында да сынап көрмекші. Оның сөзінше, шағын бизнесін ашып, кәсібін кеңейткісі келетін жастарға мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды.

Десе де, аталмыш бағдарлама арқылы берілетін жеңілдетілген несие мен тұтынушылық несиенің ара- жігін ажырата алмайтын жастар да бар. Еске сала кетейік, бұл несие кәсіпкерлік бағытты дамыту үшін арнайы комиссияның шешімімен беріледі. Ал тұтынушылық несиені кез келген банк бере береді. Бұл ретте «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыс бойынша филиалының директоры Ардақ Таңжарық несие шарттарымен таныстырып, негізгі талаптарын тарқатып берді. Оның айтуынша, несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Ондай мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні тартуға болады.

– Бұл жеңілдікке кез келген кәсіпке ынталы адамдар қол жеткізе алады. Ол үшін алдымен несие тарихы таза болуы керек. Кепіл мүлкі болуы тиіс, кепілге қойылатын мүлік біреудің атында болса да болады. Тек иесі келісім беріп, нотариус арқылы рәсімделсе ғана құжат қабылданады. Егер мүлік ауылдық жерден болса, кәсіпкер мүліктің бағаланған құнының 50 пайызын ғана алады, ал аудан орталығынан болса 60-70 пайызына дейін ала алады, – деді облыстық филиал директоры.

А.МҰҚЫШЕВ.