Аймағымызда балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асуда. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы сияқты орындалуы көзге көрінбесе де, сала мамандары ілгерілеу бар екенін алға тартып отыр. Басым бағыттардың бірі — өзен-көлдерде балық санын арттырып, кәсіпкерлердің көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы мәртебесін алуына мүмкіндік жасау.
Оралхан ҚОЖАНОВ
Жүйелі жоспар
Жалпы, елімізде балық шаруашылығының дамуы көңіл көншітпейтіні жасырын емес. Содан болар, Ел Президенті Қ.Тоқаев аталған саланы дамыту керектігін тапсырған болатын. Іле-шала бұл іске жауапты мамандар арнайы бағдарлама әзірлеуді қолға алды. Алдағы уақытта бұл бағытта қандай жаңашылдықтар орын алады? Павлодар облысындағы ахуал қандай? Көз жүгіртіп көрелік.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, министрлік ғалымдармен және сарапшылармен бірлесіп, балық саласының дамыту потенциалына талдау жүргізген. Нәтижесінде республиканың су айдындарында жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болатындығы анықталыпты. Мұны кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр. Болжам бойынша, жоспардың 45 пайызы 2030 жылы, ал қалған 55 пайызы 2040 жылға дейін орындалуы тиіс.
Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға қарай жылына шамамен 270 мың тонна тауарлы балық өсіру көзделуде. Бұл ретте, 545 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылады деп күтіліп отыр. Ал жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шықпақ. Өңірлердегі жобалар бойынша 10 жыл ішінде 345 млрд теңге жеке инвестиция тартылмақ.
Балық шаруашылығын табысты дамыту үшін 4 негізгі фактор анықталғанын атап өткен жөн. Біріншісі – заңнаманы жетілдіру. Екіншісі – сапалы балық шабақтарымен қамтамасыз ету. Үшіншісі – балық жемінің өндірісін жолға қою. Төртіншісі – кадр мәселесі.
Бизнес үшін тиімді шарттар жасауға бағытталған заңнамаларды жетілдіру шеңберінде алдыңғы жылдары табиғат пайдаланушылары балық ресурстарын пайдаланғаны үшін төлейтін жылдық төлемді тоқсан сайын бөліп беріпті. Бұған дейін олар рұқсат алғанға дейін балық аулау төлемдерін төлеуі тиіс-тін. Бұл айтарлықтай қаржылық жүктеме болатын, салдарынан көбіне несие қаражатын алуға немесе айналым қаражатынан жұмсауға итермелейтін. Бұдан бөлек, балық шаруашылығы су айдындарын балық аулаудан балық өсіруге ауыстыру қағидалары бекітілді. Осылайша, кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыратын пайдаланушыларға зор мүмкіндік жасалуда. Сондай-ақ балық шаруашылығын жүргізу үшін 49 жылға шарт жасасудың нақты мерзімі белгіленді. Бұл бизнеске сеніммен инвестиция салуға және ұзақмерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік береді. Бұрын шарттың мерзімі 5 жыл мен 49 жылдың арасында болатын. Қысқасы, балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды. Оларға қойылатын жалғыз талап – балық өсірудің жыл сайынғы көлемін орындау.
Бағдарламаны сәтті жүзеге асыру үшін балық өсіру шаруашылықтарын сапалы шабақтармен қамтамасыз ету аса маңызды. Бүгінде елімізде 20-ға жуық балық тәлімбағы бар екен. Олар тұқы тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын 12 пайызға және бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын 66 пайызға қамтамасыз етеді. Өз кезегінде форель, сиг және басқа да құнды балық түрлерінің шабақтары импортталады. Бұл ретте 10 жыл ішінде шабақтарға қажеттілік 2,5 млрд дананы құрайды. Осыған байланысты импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында 4 балық өсіру аймағы үшін селекциялық генетикалық орталықтар құру пысықталуда. Былтыр форель және сиг балықтары үшін 2 жаңа тәлімбақ салынса, 4 мемлекеттік балық тәлімбағында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі енгізіліп жатыр.
Негізгі мәселелердің бірі – жеммен қамтамасыз ету. Балықтың өзіндік құнының құрылымында жемге жұмсалатын шығындар жалпы шығыстардың 70 пайызын құрайды екен. Сондықтан құрама жемнің сапасы мен тиімділігі балықты өндірістік өсіру тиімділігінің шешуші факторы болып табылады. Бүгінде Қазақстанда балық жемін өндірумен жалпы қуаты жылына 136 мың тонна болатын 14 отандық кәсіпорын айналысады. Алайда ондағы жем тұқы балық түрлеріне ғана жарамды. Министрліктің айтуынша, әрқайсысының қуаты жылына 80 мың тонна болатын 5 заманауи зауыт салуға кәсіпкерлерді тарту қажет. Оларды Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында орналастыру көзделуде.
Кадр мәселесіне тоқталсақ, 10 жыл ішінде 4 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Ол үшін білім беру гранттарын жылына 40-тан 400-ге дейін ұлғайта отырып, оқу бағдарламаларын балық өсіруге қайта бағдарлау қажеттігі ұсынылуда. Бұдан басқа, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жүйелі түрде кешенді ғылыми зерттеу- лер жүргізілетін болады.
Министрліктің мәліметінше, саланы табысты дамытудың аса маңызды факторы – бастапқы кезеңде бизнесті субсидиялау. Балықты қайта өңдеу кешендерін құруға және кеңейтуге жұмсалатын шығындарға арналған инвестициялық субсидиялар табысты болмақ. Оған 36,8 млрд теңге қажет.
Осылайша, жоғарыда аталған шаралар сәтті жүзеге асса, 10 жыл ішінде балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашылмақ. Бұл балықты тұтынуды бір адамға 4 келіден 8 келіге дейін арттыруға мүмкіндік береді, яғни Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарының 50 пайызы орындалады. Сондай-ақ, экспорттық түсімді ұлғайтуға қол жеткізілмек. Форель және бекіре тұқымдас балық өндірісін ұлғайту есебінен импорт көлемі 45 мыңнан 25 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кемінде 50 мың қосымша жұмыс орнын құруға және басым түрде ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады.
Аймақтағы ахуал мәз емес
Жуырда облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен жиында балық шаруашылығын дамыту мәселесі сөз болды. Жасыратыны жоқ, көбі балық аулауды хобби ретінде қарастырады. Шын мәнінде бұл саланы жандандыру арқылы экономикалық ахуалды реттеуге болады. Әр адам жылына кемінде 14 келі балық етін тұтыну керек екенін ескерсек, саланың дамуы денсаулық сақтау мәселелерін шешуге де пайдасын тигізеді.
Павлодар облысындағы балық шаруашылығы қорын Ертіс өзені мен республикалық деңгейдегі 8 және жергілікті мәндегі 219 су қоймасы құрайды. Бүгінде тек 59 су айдынын 32 табиғат пайдаланушысы балық өсірмекке бекініп, жалға алған көрінеді. Жыл сайын жоспарға сәйкес, суға балық жіберілгенімен, балық аулау ісі «ермек» ретінде дамып келеді.
Негізі өңірдің өзен-көлдерінде 20-дан аса балық түрі бар, соның ішінде орыс бекiресi, сүйрiк, көкшұбар, пайдабалық, шортан, торта, аққайран, ақ амур, оңғақ, табан, алтын түсті мөңке, сазан (тұқы), ақ дөңмаңдай, кәдімгі жайын, нәлiм, берш, кәдімгі көксерке, өзен алабұғасы кездеседі. Бекіре тұқымдастарды және «Қызыл кітапқа» енген нельманы аулауға мүлде тыйым салынған.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін жылына 10 мың тонна балық өсіру көзделген.
– Бүгінде балық шаруашылығын дамыту жобаларына баса мән берілуде. Бағдарламаға сәйкес, 21 шаруашылық құрылды. Атап айтсақ, 15 көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы мәртебесі беріліп, 5 жасанды тоғанның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, тұқы балықтарын өсіру мақсатында заманауи қондырғылармен жабдықталған балық кешені іске қосылды. Нәтижесінде былтыр облыста балық өсіру көлемі 100 тоннаға дейін жетті. Биыл жоспарды 300 тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін 14 су айдынын бекіту сияқты бірнеше бағытта жұмыстар атқарылады, – дейді Ж.Жұмашев.
Балық шаруашылығын дамытуға кедергі мәселелердің бірі – браконьерлік әрекеттер. Жыл басынан бері балық шаруашылығы инспекциясы 96 заңбұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде 125 келі балық, 24 ау, 4 қайық тәркіленген. 2 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Тағы бір үлкен қауіп – суқұзғын. Балық ресурстарының азаюына кейінгі жылдары Ертіс бойында суқұзғындарының қаптап кеткені әсер етіп отырғаны жасырын емес. Суқұзғындар популяциясының тым көбейіп бара жатқанына алаңдаған жауапты басқарма былтыр зерттеу жұмыстарына Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдарын тартқан. Нәтижесінде облыс аумағынан 4 600-ден аса суқұзғын саналыпты. Олар күніне шамамен 2-2,5 тоннадан аса балықты жеп қояды. Сондықтан биыл Павлодар облысының әкімдігі құстардың санын азайтуды ұйғарып отыр. Жыртқыш құстардың санын реттеу үшін оларды ату, жұмыртқаларын және ұяларын бұзу шаралары көзделген.
Мамандар бұған қоса жыл сайын Ертіс өзенін балықтандыру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілетінін айтады. 2021 жылы 1 млн дана тұқы шабақтары суға жіберіліпті. Ал былтыр 194 мың дана екіжылдық тұқылар босатылған. Биылғы меже – 38 мың балық.
Аймағымызда балық етін өңдейтін кәсіпорынды айтпағанда, балық өсіретін қолайлы орын жоқ. Салдарынан табиғат пайдаланушылары балық шабақтарын Қарағанды облысынан сатып алуға мәжбүр. Кезінде дүркіреп тұрған Тереңкөл ауданындағы балық тәлімбағы келмеске кеткені өкінішті. Қорыта айтсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін балық шаруашылығы саласында оң өзгерістер орын алады деген сенім мол.