Елімізде жол құрылысына аса қажет материалдардың бірі – битум. Өкінішке қарай, отандық өндірісте бұл өнімнің көлемі аз болғандықтан көп жағдайда оны сырттан экспорттайтын едік. Енді шетелдік тауарға деген тәуелділіктен арылып, өзіміздің өнімді пайдалануға жағдай жасалды. Мұндай мүмкіндікті Павлодар мұнай-химия зауытында іске қосылған жаңа желі беріп отыр.
Павлодар мұнай-химия зауыты — Қазақстанның мұнай өңдеу саласындағы жетекші кәсіпорындарының бірі. Зауыт мұнай өнімдерінен әр түрлі маркалы бензинді, дизель және реактивті отынды, сұйытылған көмірсутекті газды, техникалық күкіртті, битумды, мұнай коксын, пеш отынын, техникалық көміртекті өндіруге арналған шикізаттарды шығарады.
Мұнда битум өндіретін жаңа қондырғының іске қосылуы нәти-жесінде өнімділік бұрынғыдан да арта түспек. Оның ашылуына облыс әкімі Асайын Байханов, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қатысып, павлодарлық өнім жол құрылысын дамытуға оң серпін әкелетініне сенім білдірді.
— «ҚазМұнайГаз» компаниясы мұнай өңдеу зауыттарында өнімдердің желісін өндіру көлемін арттыру мақсатында кешенді шараларды қолға алды. Атап айтқанда, жол құрылысының отандық экономиканың дамуындағы маңызды рөлін ескере отырып, бұл шаралардың бірқатары битум шығаруды арттыруға бағытталды. Павлодарда жұмысын бастаған жаңа пештің құрылысы – сол міндеттерді орындауға бағытталған шаралардың бірі. Жоба битум өндірісін арттыру бағытындағы алғашқы қадамдардың бірі деуге де болады. Жаңа пеш еліміздегі ең көне мұнай-химия кәсіпорында-рының бірінде битум өндірісін айына 45 мың тоннадан 52 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Павлодар мұнай-химия зауытының басшысы Қуаныш Бишімовтің айтуынша, технологиялық пеш азот оксидтері шығарындыларының көрсеткіштері төмен заманауи оттықтармен жабдықталып, өнер-кәсіптегі қауіпсіздік нормаларына, апатқа қарсы қорғау талаптарына сай келеді. Сонымен қатар, зауыттың тарату-басқару жүйесіне қосылған.
Облыс әкімдігі де жаңа қондыр-ғының қоршаған ортаға кері әсері болмайтынын алға тартты. Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өндіріс желісі отын газы мен сұйық отын бойынша жану шығарындыларын 44 пайызға төмендетеді. Яғни, көмірқышқыл газы шығарындыларының азаюы нәтижесінде қоршаған ортаға әсер азаяды.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.