Бүгінгі таңда сауда-саттықтың басым бөлігі интернет желісі арқылы жүргізілетіні мәлім. Әсіресе, қыз-келіншектер киім-кешек, түрлі аксессуарларды телефонның ар жағында отырған кәсіпкерлерден сатып алуы жиіледі. Дәл осы тетік арқылы тауарын сатылымға шығарып отырған жеке кәсіпкерлер үшін оңтайлы мүмкіндік жасалып отыр.
2023 жылдың 1 шілдесінен танымал маркет плэйстерде тауарлардың электрондық саудасын жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер үшін пилоттық жоба басталды. Аталған жоба 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, электронды сауданы жеңілдетуге бағытталған бастаманың мақсаты — салықтық әкімшілендіру кезінде клиентке бағдарланған тәсілді қалыптастыру, арнаулы салық режимдерін қолданатын жеке кәсіп-керлердің қателіктерін болдырмау және салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету, сондай-ақ салық жүктемесін біркелкі бөлу. Бұл пилоттық жобаға мемлекеттік кірістер комитеті, оператор болып саналатын маркет плэйстер, оңайлатылған декларация немесе бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкер, серіктес банк қатыса алады. Бұл ретте жеке кәсіпкердің экономикалық қызметінің негізгі коды 47910 «Пошта бойынша немесе интернет желісі арқылы тауарларға тапсырысты беру жолымен бөлшек сауда» болуы тиіс. Пилоттық жобаға қатысып, салықтық жеңілдіктер алу үшін оператор мен серіктес банк алдымен Комитетке өтініш жолдайды. Ал кәсіпкерлер өтінішті оператор арқылы ұсынады. Пилоттық жобаға қатысудың басталу күні өтініш берілген айдың 1-ші күні болып есептеледі. Өз кезегінде маркет плэйстер сатушылардың кірістері мен қайтарылған тауарлардың сомасы туралы мәліметтерді ай сайын құзырлы комитетке ұсынып отырады. Ал мемлекеттік кірістер комитеті серіктес банктерге сатушылар бюджетке төлеуі керек салықтың сомасына қатысты мәліметтермен бөліседі. Бұл мәліметтер банк арқылы пуш-хабарламалар ретінде таратылады. Яғни, серіктес банк салықтарды біркелкі төлеуді қамтамасыз ету мақсатында сатушыларға пуш-хабарламалар жібереді. Тауарын электронды саудада өткізетін кәсіпкер сол хабарламада көрсетілген салықты төлейді. Серіктес банк комитеттен алған мәліметтер негізінде «Шағын бизнес субъектілері үшін оңайлатылған декларациясы (910.00-нысан)» және «Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларациясы (913.00-нысан)» ақпарат жүйелері арқылы алдын ала толтыруды қамтамасыз етеді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.