Дүкен сөрелерінде самсап тұрған азық-түліктің бағасы қалтаға кәдімгідей салмақ салатыны рас. Биылғы қуаңшылықтың салдарынан баға одан сайын өсіп, қос бүйірден бұрынғыдан да қатты қысатын түрі бар. Қазірдің өзінде-ақ кейбір отбасылар дастарханға күнделікті қоятын өнімдерді «Kaspi Red» арқылы бөліп төлеуге, ал ауылдағы ағайын қарыз дәптеріне жазғызуға мәжбүр. Соған қарамастан, сауда саясатына жауапты министрлік алдағы екі жыл аралығында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуден түбегейлі бас тартпақ. Қолында «қадағалау» тетігі тұрғанда бағаны тізгіндей алмай отырған шенділер сол тұста жағдайды мүлде уысынан шығарып алмай ма? Сонда  қараша халыққа қайтіп күн көрмек керек?

 

Біздегі баға – орташа

Ауыл-қалалардағы дүкендерге азық-түлік алуға барғанда «Әлеуметтік бағалар» деген маңдайшаны көзіңіз шалған шығар. Бұл сөрелерде көпшілік жиі қолданатын, басқа тауарларға қарағанда сұранысы жоғары өнімдер тұрады. Осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізімінде 33 түрлі өнім болған-ды. Бүгінде бұл тізім қысқарып, мемлекет тек 19 тауардың бағасына мониторинг жүргізетін болды. Олардың қатарында бірінші сұрыпты ұн, одан дайындалған нан, қарақұмық, картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ, тауық пен сиыр еті, майлылығы төмен сүт пен айран және тағы басқалары бар. Яғни, сатушылар аталған тауар түрлерінің бағасына 10 пайыздан артық үстемеақы қоспауы тиіс. Ал құзырлы органдар сол талаптың қатаң сақталуын қадағалайды. Бұл тұрғыдан алғанда Павлодар облысындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда анағұрлым арзан екенін атап өту керек. Салыстырмалы түрде қарасақ, біздің аймақтағы сауда орындарында майлылығы 2,5 пайыз болатын сүттің бір литрі орта есеппен 331 теңгеден, Астанада 390 теңгеден, Қарағанды облысында 386 теңгеден сатылады. Сол сияқты ең арзан картоп бізде сатылады. Келісі – орта есепен 144 теңге. Басқа облыстарда 151 теңгеден басталып, 202 теңгеге дейін жетеді. Десе де, осы әлеуметтік тауарлардың бағасы да маусымдық кезеңде қымбаттап жатады. Айталық, күз-қыс кезінде бірінші санаттағы жұмыртқаның ондығы 700 теңгеден асып жығылатын кездер болады. Мәселен, қазір оның 10 данасы орта есеппен 430 теңге тұрса, бір-екі айдан соң 100-200 теңгеге қымбаттауы ғажап емес. Сондай кезде бағаны реттеу үшін тұрақтандыру қорында сақталатын өнімдер нарыққа шығып, қолжетімді бағаға сатыла бастайды. Бұл қорда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрінің барлығы дерлік сақталады. Нарықтағы жағдай күрт құбылған кезде тұтынушылар өнімнен таршылық көрмеуі үшін осындай шаралар қабылданады. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын отандық сауда орындарында қант аяқасты қат болып, жұрт оны таппай сандалып, келісінің бағасы 2 мың теңгеге жақындағанда да осы тұрақтандыру қорындағы қантты шығару арқылы жағдай аз-кем реттелген-ді.

 

Әлеуметтік әмиян қаншалықты тиімді?

Бірақ алдағы уақытта мұндай мүмкіндіктер сап тыйылатын түрі бар. Себебі, әлеуметтік маңызы бар тауарлар деген ұғымның өзі жойылмақ. Ал мұндай тізім болмаса, мемлекет оның бағасын реттеуден де, жоғарыда аталғандай нарықтағы жағдай күрделенген кезде мәселені реттеуден де қалыс қалады. Осы аптада өңірімізге жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция вице-министрі Абай Шаққалиев алдағы екі жыл аралығында жұрт бірінші кезекте тұтынатын өнімдердің тізімі қысқаратынын мәлімдеді.

– Келесі жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар тауарларға жататын 9 өнім тізімнен алынады. Оның ішінде жұмыртқа, пияз, картоп, қырыққабат, қарақұмық бар. Яғни, өз елімізде толығымен өндірілетін өнімдердің бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартамыз. Бірақ бұл – баға жүгенсіз кетеді деген сөз емес. Аталған тауар түрлері тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынылуы үшін оны өндірушілерге айналым схемасы бойынша жеңілдетілген несие береміз. Өз кезегінде кәсіпорындар бізге өнімді тұрақты бағамен беруге міндеттеледі. Бұл – бір. Екіншіден, әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері бірінші кезекте керек тауарларды еш қиындықсыз сатып алуы үшін азық-түлік карталары енгізіледі. 2025 жылы тізімдегі қалған
10 өнім де «Әлеуметтік маңызды» деген тізімнен шығарылады, – деді вице-министр. Ведомство өкілінің пікірімен облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов та келіседі. Арзан тауарлар шынымен мұқтаж жандарға ғана берілуі керек деп пайымдайды.

– Айталық, бұған дейін жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды қажетті киім-кешекпен қамту үшін арнайы тізім жасалып, соған сәйкес мектеп формалары сатып алынатын. Оларды балаларға үлестірген кезде бірінің өлшемі келмей жатады, енді бірінің сапасы төмен болады. Ата-аналардың бұған қатысты талап-тілегін ескеріп,биылдан бастап мектеп формасын сатып алуға қажет соманы ата-аналардың арнайы шотына аударатын болдық. Әркім баласының талғамына, өлшеміне қарай киімді таңдай алатын жағдайға жетті. Мұндай жаңашылдық көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Сол секілді алдағы уақытта тұрмысы төмен отбасылардың әлеуметтік әмиянына азық-түлікке керек қаражат көлемі аударылып отырады. Меніңше, осы жол тиімді әрі бұл бастаманы қолдаймын, – дейді С.Батырғожинов. Жөн делік. Атаулы әлеуметтік көмек алатын, қаржылық тұрғыдан осал топтардың өкілдеріне бұл шынымен оңтайлы шығар. Бірақ айлық табысы 100-150 мың теңгені құрайтын отбасылардың да шекесі шылқып жүрген жоқ. Олар «фуагра» жеп тайраңдап жүрген жоқ. Ұлттық статистика бюросы жүргізген талдауға сүйенсек, қазақстандық әр отбасы табысының (айлық кіріске қарамастан) 49 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Бұл дегеніңіз –
орташа есеппен алғанда бір айда шамамен 125 мың теңге тек дастарханға қоятын өнімдерге жұмсалады. Одан бөлек, жалақының 23 пайызы азық-түліктік емес тауарларға, 17 пайызы ақылы қызметтерге, 6 пайызы несиелерді өтеуге, 5 пайызы басқа мақсаттарға пайдаланылады. Сондай-ақ, статистика өкілдері қазақстандықтардың қай өнімге ең көп шығындалғанын есептепті. Сандарды сөйлетер болсақ, бір отбасы бір айда шамамен 30,5 мың теңгеге ет, 17,6 мың теңгеге жарма өнімдері мен нан, 11,8 мың теңгеге сүт және сүт өнімдерін сатып алған.
Есептесек, мұның барлығына ай сайын 60 мың теңге кетеді. Оған жеміс-жидек пен көкөністі қосыңыз. Сондықтан, әзірше әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін сызып тастауға ерте сияқты. Қазір апта сайын мамандар мониторинг жүргізгеннің өзінде үстемеақыны шамадан тыс қосып, бағаны негізсіз өсіретін пысық-айлар кездесіп жүр. Ал қазіргі-
дей бақылау болмаса, кей сатушылар мен делдалдар арқаны тіпті кеңге салып, тұтынушылар онсыз да аз ақшасынан қағылуы әбден мүмкін. Бұған қатысты сіз не ойлайсыз, оқырман?

 

Бетті әзірлеген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.