Облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс ауданының тұрғындарымен тұрақты кездесуін өткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймақ басшылары жылына бір рет аудан тұрғындары алдында есеп беруге міндетті.
Тұрғындар да бұл кездесуді асыға күтетіні анық. Себебі, жиынға облыс басқармалалары мен департамент басшылары қатысып, сауалдарға сол жерде жауап алуға мүмкіндік бар. Асайын Байханов ең әуелі Ертіс ауданында атқарылып жатқан және алдағы уақытта жоспарланған жұмыстарды айтып берді. Белгілі болғандай, бүгінде бұл ауданда 27 ауылдың ішінде жалғыз ғана елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселенің шешілетін күні алыс емес.
– Ауыл тұрғындарын толғандыратын басты мәселелердің бірі – таза ауызсу, жолдардың жөнделуі, сапалы байланыс. Бүгінде аудан халқының 96,3 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Биыл Қызылқақ ауылын орталықтындырылған су жүйесіне қосу жоспарда тұр. Бұл ауылда 251 адам тұрады. Бюджеттен 407 млн теңге бөлінді. «КазЕвроСтрой» ЖШС монтаждау жұмыстарын жалғастыруда, – деді аймақ басшысы. Қызылқақ ауылының тұрғындарын ұялы байланыс мәселесі де алаңдатады. Асайын Байханов тиісті басқармаға осы мәселемен айналысуды тапсырды.
– Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысына Қолжетімді байланыс ұлттық жобасына Қызылқақ ауылын қосу керектігін айттым. Жақын арада бұл сұрақтың шешімін табамыз деп ойлаймын, – деді Асайын Байханов. Бұдан бөлек, Сілеті, Ынтымақ, Қараөткел, Үлгілі, Бұланбай, Қосағаш, Қараағаш, Степное, Тоқты ауылдарындағы байланыс қызметінің сапасын жақсарту тетіктері қарастырылып жатқанын атап өткен жөн. Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар айтылды. Бүгінде Қызылағаш және Қарақұдық ауылдарында медициналық бөлімше салынып жатыр. Тиісті жұмыстар жылдың аяғына дейін аяқталмақ. Ал тамыз айында Ұзынсу, Панфилов, Амангелді, Қызылағаш ауылдарына су жаңа санитарлық көліктер жеткізіледі деп жоспарлануда. Аудан орталығындағы аурухананың жайы бөлек. Аталған нысанның тозуы 62,6 пайызды құрайды. Аймақ басшысы аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарына 72 миллионға жуық қаражат бөлінгенін, тиісті жұмыстар басталғанын жеткізді. Жиында аудан бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының іске асырылуы барысы айтылды. Жобаға сәйкес, келесі жылы Панфилов ауылындағы мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтпек. Жалпы, 2024 жылы аудандағы 5 ауылдың тұрғындары бағдарламаның игілігін сезінеді деп күтіліп отыр.
– Жобаға сәйкес, Панфилов, Қоскөл, Қараағаш, Ленин, Майқоңыр ауылдары жаңғыртылады. Бірінші кезекте Панфилов ауылындағы мектеп және мәдениет үйінің күрделі жөндеуі, көшелердің орташа жөнделуі көзделген. Бұған дейін Ертіс, Ағашорын, Қызылжар, Северное, Голубовка ауылдары кешенді жаңғыртудан өтті. Биыл Амангелді ауылындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, 2,5 шақырымнан астам ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Асайын Байханов. Кездесудің екінші бөлігінде жергілікті тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарын қойды. Мәселен, Қызылқақ ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Марал Мүбаракова ауыл мектебінің жағдайы мүшкіл екенін айтты. Мұнда спорт залы мен мәжіліс залы атымен жоқ. Спорт секциялары, үйірмелер де қарастырылмаған.
– Мектебімізде 70-тен астам бала оқып жатыр. Жетістіктеріміз жетерлік. Соңғы оқу жылында облыс бойынша ҰБТ-дан түлектеріміз алдыңғы қатардан көрінді. Аудан бойынша 6 алтын белгі иегері тіркелсе, оның үшеуі — біздің мектептің оқушылары. Алайда мектебіміздің жағдайы нашар. Асханамыз өте тар. Тек бес оқушыдан ғана тамақтана алады. Таңғы ас ішу ішін балалар сағаттап кезекке тұрады, – деді ол. Қызылқақ ауылында 251 адам тұрады екен. Асайын Байханов жаңа мектеп салу үшін оқушылардың саны көп болуы маңызды екенін атап өтті.
– Балаларыңыздың жетістіктері мол болса, онда біз қолдауымыз қажет. Бос уәде бергім келмейді, бұл мәселені талдайық. Егер де ауыл тұрғындарының саны 300-ден асып жатса 100 пайыз жаңа мектеп салуға болады, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы облыстық білім басқармасы басшысына ауыл тұрғындарымен кездесіп, мектептің жағдайын қарауды тапсырды. Басқарма басшысы Самал Айтқазина өз ұсыныстарын облыс әкіміне тамыз айының соңына дейін ұсынуы тиіс. Қызылжар ауылының медбикесі Сәния Жұмабайқызы кейде жедел жәрдем станциясы көрсететін қызметті қарапайым медбикелер атқаратынын алға тартты. Сөйтсе, ауыл тұрғындары шұғыл жағдай кезінде жедел жәрдемге емес, жергілікті дәрігерлерге хабарласатын көрінеді. Әйтпесе, жедел жәрдем станциясы ауылдан 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Сәния Жұмабайқызы жұмыстан тыс уақытта болатын ауыр жарақаттарды жергілікті медбикелерге жүктемей, тікелей жедел жәрдем станциясы қызметкерлеріне «табыстауды» ұсынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов жедел жәрдем көлігі бірінші, екінші және үшінші санаттағы шұғыл көмекке мұқтаж адамдардың шақыртуларына шығатынын түсіндірді. Төртінші санат бойынша жергілікті дәрігерлер өздері көмек береді. Асайын Байханов аудандық аурухана басшылығының жұмысын сынға алып, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу керек екенін айтты.
– Бұл — сіздің кемшілігіңіз. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сіз бәрін дұрыс ұйымдастыруыңыз керек, – деді аймақ басшысы. Кездесу барысында Ертіс өзенінің жағдайына қатысты сауалдар қойылды. Аудан орталығының тұрғыны Владимир Нефедов судың тапшылығы Ертіс өзеніне зор қауіп төндіріп жатқанын алға тартты. Облыс әкімі биыл жайылым алқа-бының небары 32 пайызына су жеткенін айтты.
– Ертіс өзені суының 77 пайызы Шығыс Қазақстан облысының тау шатқалдарынан келетін судан құра-лады. Биыл таудан келетін судың көлемі аз болды. Су қоймаларынан төрт миллиард текше метр су жіберілді. Бір жылдары бұл көлем 6,5 миллиардқа жететін еді. Су тапшылығы орын алатын кезеңдер табиғатта әрбір 10-11 жылда қайталанады. Алтай тауларындағы қар және мұздықтар қалпына келген кезде Ертіс те суға толатыны түсінікті, – деді Асайын Байханов. Сондай-ақ жиында коммуналдық шаруашылық, ветеринарлық қызмет бағыты бойынша сауалдар қойылды. Кездесу аяқталған соң Асайын Байханов тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелеріне үңілді.
Оралхан ҚОЖАНОВ,
Ертіс ауданы.
Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.