Өткен аптаның соңында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барды. Аймақ басшысы бірқатар елді мекендерді аралап, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмыс барысымен танысты.

Алдымен аймақ басшысы Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауылға барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауыл халқы ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мол екенін, осындай игілікті істер шалғай жатқан елді мекендерде де жалғасын тауып жатқанын айтып, ақжарма тілектерін ақтарды. Сондай-ақ, кездесуге жиналған тұрғындар ауыл ішіндегі кейбір өзекті мәселелерді де ортаға салды. Жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікті дамыту, ауылдағы су құбырын қалпына келтіру және мектепті жөндеу сынды өткір мәселелер қозғалып, елді мекендердің тұрмыс-тіршілігін көтеру бағытында ұсыныстар да айтылды. Мәселен, аталмыш ауылда таза ауызсу мен тас жолдың сапасы күн тәртібінен түскен емес. Бұл жобалар 2024-2025 жылдардың бюджетін қалыптастыру кезінде қарастырылатын болады. Мұндағы су құбыры сонау 1991 жылы салынған екен. Тұрғын-дардың айтуынша, құбырдағы судан кейде шайырдың дәмі татиды. Аймақтың осы және басқа да көкейтесті проблемалары облыс әкімінің жеке бақылауына алынып, кездесу барысында оның шешілу жолдары егжей-тегжейлі айтылды. Әкім халықты ашық әңгімеге тарта отырып, ауылда қордаланып қалған мәселелердің үлкен-кішісі жоқ екенін ерекше ескертіп өтті. Сондай-ақ, Асайын Байханов таза ауызсу мәселесі алдағы уақытта шешілетінін айтты.

– Бүгінгі таңда «Баянауыл-Угольное» аудандық маңызы бар жолдың құрылысы қарқын алды. Мұнда барлығы 43 мың шақырым жол жөндеу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 33,5 шақырым асфальт-бетон жабыны төселді. Жолдың 33-43 шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды, 18-33 шақырым аралығында жиектер мен бұрылу жолақтарын салу арқылы асфальт-бетон жабынның 95 пайызы төселді. Сондай-ақ, 5 су өткізу құбырлары жөнделді. Қалған учаскелерде жұмыстар жалғасып жатыр, оларды тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда, – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында облыс әкімі Лекер ауылындағы су құбырының құрылысымен де танысты. Бұл нысан биылғы жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, аймақ басшысы Ақсаң ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысын тексерді. Қазіргі уақытта аталған елді мекендегі мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Асайын Байханов мердігерге биылғы жылдың 20 тамызына дейін барлық негізгі жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеуді және балалардың оқу жылын жөндеуден өткен сыныптарда бастауын тапсырды. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Қаражар ауылындағы 100 орындық екі қабатты жаңа мектептің құрылысымен танысты. Айта кетейік, Қаражарда 1958 жылы бой көтерген ескі оқу орны апатты жағдайда деп танылып, заманауи талаптарға сәйкес келмеген. Ал биылғы жылдың сәуір айында жаңа мектептің іргетасы қаланып, ескі ғимараттың орнына спорт залы, шағын орталығы, асханасы және санитарлық тораптары бар кең екіқабатты ғимарат салынуда. Тиісті аумағы абаттандырылып, ашық спорт алаңдары орналастырылатын болады. Қазір жалпы құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталды. Мердігер барлық жұмысты оқу жылының екінші тоқсаны басталғанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Асайын Байханов Баянауыл ауылындағы жасыл желектерді бүлдірмей, спортшы-ларға арналған 2,5 шақырымдық жол салуды қарастыратын шаңғы-роллер жолының жобасымен де танысты. Жоба жүзеге асса, жаңа нысан спортшылар мен қысқы спорт әуесқойларының көңілін аулайтын орынға айналып, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, Баянауылдағы қысқы туризмге серпін бермек. Облыс әкімі жобаны жергілікті тұрғындармен және өңір кәсіп-керлерімен бірлесе талқылап алып, алдағы уақытта оны жүзеге асыруды тапсырды.

А.МҰҚЫШЕВ.

Баянауыл ауданы.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.