2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялау науқаны басталғаны белгілі. Бірінші кезең бойынша декларацияны жауапты мемлекеттік лауазымды қызмет атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оған теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары тапсырған болатын.

 

Ал екінші кезеңде мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті болды. 2024 жылдың 1 қаңтарында декларациялаудың үшінші кезеңі басталады. Бұл кезеңге заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары қатысады. Ал төртінші кезеңде, яғни 2025 жылдан бастап еліміздегі қалған санаттағы барлық азамат декларация тапсыруы керек. Аталған құжатты тапсыруға міндетті тұлғалар алдымен активтер мен міндеттемелер, кейін кірістер мен мүлік туралы жылдық декларацияны ұсынады. Мемлекеттік кірістер комитетінде келесі жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыратын азаматтарға жадынама әзірледі. Іс жүзінде кәсіпкерлік қызмет болмаған кезде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңіне тартуды болдырмау үшін жыл соңына дейін мынадай іс-әрекеттерді жасауға кеңес беріледі.

  1. Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, бірақ қызмет жүргізбесеңіз, кәсіпкерлікті оңайлатылған тәртіппен жабу үшін тұрғылықты тұратын жеріңіз бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгіне аласыз.
  2. Егер сіз заңды тұлғаның басшысы болмасаңыз, бірақ заңды тұлғаның тіркеу деректерін өзгертпесеңіз, egov.kz веб-порталында хабарлама беру арқылы деректерді түзете аласыз. Әрекетсіз заңды тұлғалар басшыларының тізімімен kgd.gov.kz сайтының «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінде танысуға болады.
  3. Егер сіз заңды тұлғаның басшысы (құрылтайшысы) болсаңыз, кәсіпкерлік қызметті жүргізбесеңіз және жалғастыруды жоспарламасаңыз, кәсіпорынның тіркелген жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуді ұсынамыз. Салық кодексінің 59-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес болған кезде заңды тұлға оңайлатылған тәртіппен, қалған жағдайларда салықтық тексеру жүргізілгеннен кейін таратылады.

Әрекетсіз деп танылған салық төлеушілер туралы, оның ішінде олардың басшылары туралы ақпарат «электрондық сервистер» – «бизнеске көмек» – «сенімсіз салық төлеушілердің тізімі» – «әрекетсіз деп танылған салық төлеушілердің тізімі» мекенжайы бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылады.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ.