Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс депутаттарының әр облысқа жоспарлы сапарлары жалғасуда. Өңірлерді аралау бағдарламасы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Павлодар облысында жұмыс сапарымен болып, Екібастұздағы жылу-электр орталығының жөндеу жұмыстарымен танысты.

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров алдымен Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығының жай-күйімен танысып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды, сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық барысынан хабардар болды. «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Анатолий Моисей халық қалаулыларына станцияда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мағлұмат беріп, алдағы уақытта жүзеге асатын жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Екібастұз ЖЭО-да барлық 10 қазандыққа (5 су жылыту және 5 бу) жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Станцияда барлық 10 қазандыққа жөндеу жұмыстары жалғасуда, оның ішінде 8 қазандық күрделі жөндеуден өтеді. Су жылытатын 5 қазандыққа бюджет қаржысы есебінен күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, 5 энергетикалық қазандықты, қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отыр. №7 және №9 қазандықтарды жөндеу 1 шілдеде аяқталды. №6 энергетикалық қазандық пен су жылытатын 5 қазандықта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ол жұмыстар 18 тамызда аяқталады. Бұдан бөлек, биылғ 50 шақырымнан астам магистральдік және кварталішілік жылу желілері жөнделіп, жылу магистральдары қайта қалпына келтіріліп жатыр. Жылу желілерінің ысырмалары мен басқа да жабдықтары ауыстырылуда. Сондай-ақ, жылыту маусымы басталғанға дейін багер сорғыларына, құбырларға және басқа да жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сол себепті мұндағы барлық жөндеу жұмыстары күшейтілген режимге көшті, – деді кәсіпорын басшысы.  Өз кезегінде Айдарбек Қожаназаров та барлық жұмысты белгіленген кестеге сәйкес аяқтай отырып, жөндеу науқанының қарқынын бәсеңдетпеу маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындар үшін келеңсіз салдардың алдын алу үшін ЖЭО мен жылу желілеріндегі шұғыл жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілуі тиіс.

– Өткен жылы Екібастұз қаласы күрделі жылу тапшылығына тап болды. Жалпы мұндай апатты жағдайлар еліміздегі жүйелі проблемаға айналуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Сол себепті, үздіксіз жылумен қамтамасыз ету шараларын дереу қабылдау қажет екені сөзсіз. Қазақстандағы көптеген жылу-энергия орталықтары елу жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Жылу-энергия орталықтарының негізгі және қосалқы жабдықтарының, қазандықтардың тозығы жеткен, жылу желілеріндегі және жылуды тұтыну жүйелерінің ескіруі 70 пайыздан асады. Биыл республикалық бюджеттен мұндай нысандардың күрделі жөндеуіне миллиардтаған қаражат бөлінді. Оның бәрі – былтырғы қысты үлкен қиын-шылықпен өткерген шаһарды алдағы жылыту маусымына қапысыз даярлаудың қамы. Бөлінген қомақты қаржыға сай жұмыстар сапалы әрі уақытылы атқарылуы тиіс. Мәжілісмендердің негізгі мақсаты да осы күнге дейін жасалған жұмыстардың ауқымын бағамдау, жауапты тұлғалармен, мердігерлермен қалған уақытта жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар жайын саралау, – деді А.Қожаназаров. Сондай-ақ, халық қалаулылары кеншілер шаһарындағы жылу тораптарында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барысымен арнайы барып танысты. Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов биылғы жылыту маусымына дайындық жоспарын баяндап, қазіргі уақытта Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында орналасқан ТМ-2 аумағында қандай жұмыстар іске асып жатқанын айтып берді.

– Бүгінгі таңда Екібастұз қаласында ТМ-2,5,8,12 жылу магистральдарын қайта жаңарту бойынша жобаларды іске асыру жалғасуда. Басқарма қалалық әкімдікпен бірлесіп күнделікті осы объектілерге мониторинг жүргізеді. Бүгінгі таңда 5,4 шақырымның 2,2 шақырымнан астам құбыры орнатылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық магистральдік желі бойынша құбырларды монтаждау жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін жоспарланған, – деді әкім орынбасары. Халық қалаулылары энергетиктер қаласындағы мұндай жағдайдың орын алуына – жылу-энергетика саласында бірыңғай саясаттың болмауы себеп дейді. Сондай-ақ, мәжілісмендерді энергетика кәсіпорындарының жылу-энергия жеткізушілері алдындағы қарызын жою, сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу барысы да алаңдатты.

– Барлық жұмыс аяқталып, бұл нысандар іске қосылған соң тұрғындар тұрақты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мәселені біз үнемі бақылауда ұстаймыз. Сенімді әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ету азаматтарымыздың әл-ауқатының негізгі көрсеткіші және халықтың өркениетті өмір сүруі үшін маңызды, – деді депутат.

А.МҰҚЫШЕВ.