«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында осы уақытқа дейін облыстың ондаған кәсіпкері Германиядағы кәсіпорындарға барып, тәжірибе алмасып, тағылымдамадан өтіп келді. Бұл жоба биыл да жалғасын таппақ.
Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестік байланыстың аясында павлодарлық бизнес өкілдері әлемнің озық компаниялары қатарына енетін кәсіпорындарға барып, оқудан өтіп, тәжірибе жинауы игі дәстүрге айналды. Бұған дейін ауыл шаруашылығы, жиһаз жасау сынды кәсіп түрлерімен айналысатын жерлестеріміз бірнеше рет біліктілігін шыңдады. Ендігі ретте жобаның биылғы жолдамалары сарапқа салынбақ.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Германияда тағылымдамадан өту үшін конкурстық іріктеуге құжаттарды қабылдауды бастады. Ол 2 ақпанға дейін жалғасады. Ал іріктеудің өзін 15 ақпанға дейін онлайн режимінде өткізу жоспарланып отыр. Комиссия құрамында «Атамекен» ҰКП және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Неміс қоғамының (GIZ) өкілдері болады.
— Тағылымдама Германияның білім беру орталықтарының қатысуымен онлайн режимінде және осы елдегі компанияларда өтеді. Оған қабылдаушы тараптың талаптарына сай келетін шағын және орта бизнес нысандарының басқарушы өкілдері қатыса алады. Бұл ретте «ақылды» ауыл шаруашылығы, «жасыл» технологиялар салаларына басымдық беріледі. Сонымен қатар, кәсіпорынның жылдық табысы кем дегенде 10 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде болуы шарт, — дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.