Бір ғана телефон қоңырауынан соң тұрғындардың қомақты қаржысын қағып, атына миллиондаған несие «іліп» кететін әккілердің әрекеті әлі де тыйылар емес. Адамдар алаяқтардың кезекті айласын түсініп, «енді алданбаспын» деп бекінгенде, арампиғылдылар арбаудың жаңа бір тәсілін тауып үлгеріп жатыр. Мұндай мүмкіндіктерді біз бен сіз етене еніп кеткен интернет желісі молынан беріп отыр. Шетелде отырып-ақ, облыс тұрғындарының қалтасына қол салуда.
«Тың» тәсіл тапқан
Сонымен, алаяқтардың арасында жаңадан қолданыла бастаған айланың тағы бір түрі пайда болды. Олар дипфейк технологияларын қолдануға көшкен. Қарапайым тілмен түсіндірсек, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданып, адамдарды «тірілтіп», аузына сөз салып, сізді сендіретіндей кейіпке келтіреді. Жасанды интеллект көмегімен кез келген дауысты, ым-ишараны белгісіз бір адамға жарастырып жібереді. Оның жасанды екенін ешкім айыра алмай қалатын көрінеді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникация- лар қызметінде өткен брифингте айтылды. ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Павлодар қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Толқын Нұрмахиннің айтуынша, өкінішке қарай, дипфейк тәсілі алаяқтар үшін кибершабуыл жасауға, адамдардың құпия деректерін қолды етуге өте тиімді болып отыр. Дегенмен, кейбір бейнежазбалардан адам терісінің түсі шынайылықтан алшақтау болуы мүмкін. Нақты бір адамның қозғалысына тән емес қимылдар аңғарылуы ықтимал. Бірақ, мұндай өзгешелікті бірден анықтау қиынға соғатын көрінеді. Мамандар әрбір азаматқа электронды цифрлық қолтаңба алуда абай болуға шақыруда. Нақтысы, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алғанда компьютердің жұмыс үстелінде қолтаңбаның деректері сақталатын ақпаратты жоюға мән беріп, бастапқыда қойылатын стандартты парольді бірден ауыстырып тастау керек. Аймағымызда алаяқтардың арбауына кез келген жастағы адам түсіп қалатын көрінеді. Әсіресе, банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде телефон қоңырауын шалатындардан сақ болу керек. Өйткені, дәл осы айла өркен жайып алыпты. Бұл ретте, кезіндегі кеңестік елдердің азаматтары алыстан павлодарлықтардың қалтасына қол салуға «құштар». Оларға делдалдар көмек беріп келеді. Облыстық полиция департаменті басшы-сының орынбасары Болат Нұрсейітовтің мәлімдеуінше, шетелдік алаяқтар қазақстандықтар арқылы ұялы байланыс операторларынан көптеп нөмірлер сатып алады. Ол нөмірлердің біреуін бір-ақ рет пайдаланып, арам ісін атқарып үлгереді. Келесі «клиентіне» жаңасымен құрығын тастайды. Олар өзге елде отырғандықтан нақты қайдан хабарласып, алдап соққанын анықтау, сәйкесінше, қолға түсіру мүмкін емес. Сондықтан, құқық қорғау органдары ұялы байланыс операторларымен нөмірлер сату процесін реттеу көзделіп отыр. Нақтысы, бір адамның қолына қаптатып нөмір сатуды доғарту жайы қарастырылмақ. Алаяқтарды анықтауға қолбайлау етіп отырған тағы бір түйткіл бар көрінеді. Б.Нұрсейітовтің айтуынша, бірнеше шоттан өткен қаржының соңына жету — күрделі процесс. Себебі, банктерде шоттан-шотқа өткенін анықтау үшін әр жолы соттың санкциясы алынады. Іс ұзаққа созылып, іс күрделене беретін көрінеді. Сондықтан, бүгінде құзырлы министрлікке санкцияны бүкіл тізбекке беру мәселесін қарастыру жөнінде ұсыныс айтылыпты.
Жалға беремін деп…
Жасыратыны жоқ, бүгінде адамдар оңай олжаға кенелуге әуес. Әлеуметтік желіде жылт еткен әрбір ақпарға сеніп, әлгіні пайдаланып қалуға тырысады. Ал оның соңы қылмысқа жетелейтінін білмейді. Мәселен, бүгінде әлеуметтік желілерде «жеке кәсіпкерлікті, банктік шотты жалға аламын» деген секілді жарнама жиі ұшырасады. Бұл – алаяқтардың айласы. Олар жалға алады да, интернет дүкен ашып, жоқ техниканың суретін салып, адамдарға «сатады». Ақырында тұтынушы ақшасыз, техникасыз қалып, сан соғады. Естеріңізде болсын, жеке кәсіпкерлігін жалға берген азамат та қылмыстық істің қатысушы болып шыға келеді, дейді полиция департаментінің өкілі. Сондықтан, қазіргі таңда банктік карталарды және басқа мәліметтерді үшінші тұлғаға бергені үшін де жауапкершілік қарастырылмақ. Алаяқтарға алданғандардың ақшасын қайтару бүгінде қиынның қиыны көрінеді. Себебі, облыста орын алған деректер бойынша әккілер қалтаға басқан қаржының 90 пайызы шетелге кеткен. Әсіресе, ТМД елдерінің алаяқтары павлодарлықтарды жиі алдап түседі. Көрші мемлекеттердегі әріптестермен еліміздің құқық қорғау органдары бірлескен жұмыс жүргізуде. Алда тағы дамиды деген сенім бар, деді Б.Нұрсейітов. Ал Қазақстанда, облысымызда алаяқтыққа барғандарды анықтау оңайырақ. Биыл 124 алаяқ ұсталған. Сондай деректердің біріне тоқталсақ, Павлодар қаласында жасырынған, іздеуде жүрген өзбекстандық азаматты қолға түсірген. Ол банктің қызметкері болып адамдарды алдаған. 30 жәбірленушінің 120 млн теңгесін иемденіп үлгерген. Оның сыбайластары болған. Шоттан қаржыны алып, басқасына аударып отырған. Бәрі ұсталып, бүгінде іс сотқа түсіпті. Міне, сондықтан да, мамандар тұрғындарды телефон қоңырауына сақ болуға шақырады. Күмән тудырса, байланысты бірден үзуге кеңес береді. Биыл жыл басынан бері алаяқтар алдау арқылы павлодарлықтардан 545 млн теңгені қолды еткен. Он айда биыл 1372 алаяқтық дерегі тіркелген. Интернет алаяқтық бойынша 792 дерек тіркеуге алынған. Алаяқтық былтырғы кезеңмен салыстырғанда 12,6 пайызға кеміген. Интернет-алаяқтық та 27,3 пайызға азайған. Десе де, тұрғындар алаяқтықтың жаңа түрлеріне алданып қалуда. Мәселен, әлеуметтік желілерде инвестициялық қорлардың жарнамасы көбейген. «Ақша салсаң, әп-сәтте еселеп, дивидендті қап-қабымен беремін» деп сендіріп, қаншама адамның қомақты қаржысын, мүлкін қолды етуде. Аймағымызда осындай қорларға алданып, пәтерінен айырылғандар да бар. Сонымен қатар, бағасы арзан затты алуға ұмтылатындар да ұрылардың құрығына түсіп қалуда. Міне, осы қателіктерді жібермеуге мамандар кеңес беруде.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.