Жыл сайын қазақстандық ғалымдардың базалық жалақысы 20 пайызға өседі деп жоспарлануда. 

Бұл жөнінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

– Өткен жылдың қыркүйек айында 1 700 жетекші ғалымның жалақысын бірден 70 пайызға өсірдік. Олар – профессорлар, үлкен ұжымдарды басқарып отырғандар және ғылыми жобаларға белсенді қатысатын ғалымдар. Осы жылдан бастап жыл сайын ғалымдардың, профессорлардың, оқытушы-лардың жалақысын 20 пайызға өсіруге шешім қабылдадық. Өткен жылдары жалақы жоғары оқу орындарының, ғылыми институттардың есебінен өсірілетін. Яғни, министрлік оларға қыркүйектен бастап жалақыны 15, 12 пайызға көтеру туралы хат жіберетін. Бірақ олардың жалақыны көтеруге жағдайы болмайтын. Үкімет бізді қолдады. Биылдан бастап 20 пайызды респуб-ликалық бюджеттен бөлеміз. Демек, базалық жалақы жыл сайын 20 пайызға өсіп отырады, – деді Саясат Нұрбек. Сонымен қатар, ол соңғы 20 жылда ғалымдарымыздың саны 22 мыңға жеткенін, ал ақырғы 5 жылда жастар ғылымға көптеп келе баста-ғанын атап өтті.

– Қазіргі таңда 40 жасқа дейінгі ғалымдардың саны 46 пайызға жетіп отыр. Демек, 22 мың ғалымның 46 пайызы – 40 жасқа дейінгі жастар. Қорқатындай жағдай жоқ. Жастар біртіндеп ғылымға келіп жатыр, – деді министр.

Нұржайна ШОДЫР.