Елдегі ауылшаруашылық ғылымының үлесіне жыл сайын небәрі 12 млрд теңге немесе жалпы ғылым саласына бөлінген қаражаттың 13 пайызы ғана тиеді. Ал агрокешенде нәтижеге жеткен ғылыми жобалардың тек 8 пайызы өндіріске енгізіледі екен. Оның үстіне ғылыми жобалардың негізгі бөлігі агробизнес өкілдерінің қатысуынсыз, мемлекет ақшасына қаржыландырылады. Мұндай жағдайда сала мамандарына тығырықтан қалай шығуға болады?

Өгей баланың күйін кешіп отыр

Отандық агроғылым елдегі ғылым саласының есігінен сығалап, ортадан өз орнын таппай жүрген өгей баланың күйін кешуде. Тәуелсіздік жылдары құлдырағанның үстіне құлдырап, базасы мен құрал-жабдығы әбден ескірген, білікті мамандары әлдеқашан шетел асып үлгерген сұрықсыз ғылым түріне айналды. Бүгінде агроғылымның шекпенінде отырған жергілікті тәжірибелік стансалар өздерінің табыстарын әлемге әйгілеуге құқықтық тұрғыдан қабілетсіз. Әйтпегенде мұндай институттар мен орталықтардың базасында қаншама оң тәжірибелер мен жетістіктер өміршең етіліп, кейбірі агроөнеркәсіп кешенінде біртіндеп енгізіле бастаған. Тек ғылымға арналған мемлекет қаржысының жетіспеушілігі қолбайлау бола беріп, қысқа жіп күрмеуге келмей тұр. Ал жеке бизнестің аграрлық ғылымға инвестиция құятын ынтасы әлі оянбауда. Ірі әрі орнықты шаруашылықтар шетелдік жетістіктерді тартып, шекараның ар жағынан ғалымдар мен мамандарды шақырғанды құп көреді. Мұндай ғылым түрі әрине қымбатқа түсетіні анық. Алайда белгілі бір агрожоба құрдымға кетсе, шетелдіктер де табанын жалтырататыны анық. Мұндай тиімсіз тәжірибелік байланыс өңірлерде орналасқан ауылшаруашылық орталықтарын титықтатып тұрғаны да бесенеден белгілі. «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-ның басқарма төрағасы, техника ғылымының кандидаты, профессор Байжан Уалхановтың айтуынша, отандық агроғылым кеңес заманындағыдай ұзақмерзімді стратегияға және сапаға негізделген. Ал капитализм дәуірін бастан кешіріп отырған бүгінгі фермерлер табысын тез арада еселеп, жылдам байып шыға келудің жолын іздейді. Мұндай мүмкіндікке шетелдік ғылым бірқатар артықшылықтар тудырып отырғаны тағы рас.

– Қарапайым ғана салыстырмалы мысал айтайын, біздің ғалымдарымыз әлдебір жаңа сортты шығару үшін кемі 5 жыл еңбектенеді. Ал кейбір жағдайда дәнді дақылды селекциялық түрлі кезеңдерден өткізіп, тіркеу үшін ол мерзім 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Шетелде мұндай әдіс қолданылмайды, олар ескі сорттың жеңіл апгрейді мен мықты маркетингтің арқасында екі-үш жылда жаңа сортты өндіріске енгізіп жібереді. Біз керісінше жаңа сорт шығарсақ оны тіркеу, патент алу үшін қаншама уақыт жүгіреміз. Оның үстіне мемлекеттің кереғар саясатының салдарынан агроғылымда жас мамандар мүлде қалмай барады. Ғылыми зерттеу институттары мен тәжірибе стансалары өздерінің жетістіктерін сата алмай отыр. Оған әрі-беріден соң меншік иесі мемлекеттің өзі себеп болуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дегенге мүлде көңіл аудармау, агроғылымға жеке инвестиция құюға құлықсыздық таныту, барлығын өзі бақылап, өзі реттеп отыруды бұлжымас дәстүрге айналдыру саланың ақыр-соңы тұралап қалуына апарып соқтырды. Бұл барлығына мәлім әрі өзіміз жылдар бойы куә болып келе жатқан жағымсыз жағдайлар. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бізге бюджеттен қарастырылған қаражат жыл ортасынан асып барып бірақ беріледі. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі өзара айтысып-тартысып, қайсымыз қаражатты молырақ қарпып қаламыз деп жанталасады. Ал Қаржы министрі әлгі бөлініп тұрған қаражаттың нысанасын анықтай алмай ол басын қатырады. Сайып келгенде, біздің жағдайымызды ойлап отырған ешқайсысы жоқ. Бюджетіміз қысқарып, айлар өткен соң қолымызға әрең тиеді. Екі ортада сатып аламыз деп жоспарлап қойған құрал-жабдықтарымыздың құны өсіп шыға келеді немесе инфляция жеп қояды. Осындай парадокс жағдайда тіршілік етіп отырмыз. Салдарынан қаншама білікті мамандарымызды жоғалттық, біздің кәсіпорынның алдында жалақы бойынша қарыздар жиналып қала береді. Тіпті, көктемгі дала жұмыстарын қарызға ақша алып өткіздік. Кейде саналы түрде заң тармақтарын бұзуға тура келеді, өндірістегі қаражатты мемлекет жабуы тиіс шығындарға жұмсап жібереміз. Арнайы органдар тексерсе, оның арты жақсы болмайды әрине. Амалсыздан заң бұзушылыққа жол береміз, – деп қынжылады станса басшысы. Сала маманының пікіріне сүйенсек, ел Үкіметі экономикалық мүмкіндіктерді жеткілікті қорғай алмай отыр. Бизнес агроғылымды дамытуға саналы түрде қызығушылық танытуы керек. Яғни бұл жердегі сөз агроғылымның отандық АӨК-тегі бизнесті дамытуына қатысты емес, керісінше бизнес өкілдерінің отандық агроғылымды гүлдендіру ынтасына байланысты. Мұны бизнес өкілдері әлеуметтік жүктеме ретінде қабылдағаны жөн. Есесіне олар отандық агрокешенге жаңалықтар енгізгені үшін мемлекеттік преференцияларға, салықтық немесе өзге де жеңілдіктерге, экспортқа тауар шығарудағы квоталық артықшылықтарға, басқадай ынталандыру шараларына ие болар еді. Қазіргі күні тәжірибелік стансалар өз бетімен шетелден тікелей техника, құрал-жабдық сатып ала алмайды. Астықты шаруашылықтардың жерді қалай игеріп жатқанына бақылау жүргізу де баяғыда-ақ күн тәртібінен алынып тасталған. Станса қызметкерлері барлық агрошараларды тек ұсыныс ретінде айтуға құқылы. Кеңес заманындағы тың игерудің зардаптарын қазіргі астық өсірушілер ұмытып кеткендей. Жабайы әрі бақылаусыз егіншіліктің салдарынан көптеген аумақтарда топырақ қабатының тұздануы және құнарсыздануы жылдам тарап барады. Мұның барлығы жылдар өте ауқымды экологиялық апатқа апарып соқтыруы ғажап емес.

Көршінің арзан астығы — сорымыз…

Керекудегі тәжірибе стансасының басшылық өкілі, саланың жілігін шағып, майын ішкен маман Бауыржан Рахимовтың да бұл мәселеге қатысты айтары мол. «Аграрлық ғылымның дамымай отырғанына себеп факторлар баршылық. Ең басты проблема біз сияқты тәжірибелік стансалардың қолында жеткілікті қаражат жоқ. Бірді-бірге жеткізіп, өз күнімізді әрең көріп отырмыз. Иелігімізде қаншама техника, шаруашылық ғимараттары бар, солардың күзетін ұйымдастырудың өзіне қыруар қаражат жұмсалады. Мемлекеттен бөлінетін қолдау мардымсыз. Екіншіден, ғылыми қызметкерлерге төленетін еңбекақы аз. Бір ғана мысал айтайын, кәсіпорнымыздағы ғылыми қызмет-кердің қолына небәрі 205 мың теңге ғана тиеді. Магистрлық дәрежесі бар, жатса-тұрса ғылыми жұмысы жайында ғана ойлайтын әрі отбасын құрған адам үшін айлығы шайлығына да жетпейді. Салдарынан қазір ауылдық жерде болашағы зор жас мамандарды ұстап тұру мүмкін болмай бара жатыр. Сондықтан әуелгі бетте осы екі мәселені шешуіміз керек. Үшіншіден, Ресейден ағылып жатқан арзан бидай біздің сорымызға айналуда. Жергілікті трейдерлер оны отандық диқандардың өнімі деп сыртқа экспорттап жүрген жайттар әлдеқашан әшкере болған. Отандық нарық тетіктерінің әлсіздігі болар, көрші елдің сапасыз астығы біздің нарығымызды еркін билеп-төстеп алды. Астықтың арзан болып тұруына өз басым қарсы емеспін. Алайда біздің ұн шығаратын диірмендер мен наубайханалар бағаны сол қалпы ұстап тұр. Яғни диқандарымыздың шығыны шаш- етектен келген уақытта екі арадағы делдал кәсіпкерлер көл-көсір пайда тауып отыр. Шикізат арзандаса, түпкілікті өнім бағасының түсуі нарық заңдылығы емес пе? Мемлекеттік реттеу органдары  осы жағын ұмыт қалдырғандай. Бұл мәселеге түптеп келсек, теміржол арқылы жеткізілетін (автокөлікпен жеткізуге шектеу жасалған) Ресейдің астығына мемлекеттік баж салығы салынбай отырғаны да таңғалдырады. Бір қызық мысал айтайын, егер біздің отандық кәсіпкерлер шетелге, мәселен Қытай мемлекетіне астық шығарғысы келді дейік. Қазір күнбағыс дәнінің халықаралық нарықтағы бағасы килосына – 190-200 теңге. Баға біздің диқандарымыз үшін өте тәуір. Өкінішке қарай, сыртқа астық шығару үшін біздің кәсіпкерлеріміз мемлекеттік баж салығын төлейді. Ол шамамен әрбір килосына 50-60 теңгеден құралады. Одан соң теміржол арқылы тасымал шығыны бар, әр килосына шамамен
20 теңге деп қарастырайық. Сонда экспорттаушының таза табысы небәрі 110-120 теңге болып қалады екен. Міне көрдіңіз бе, өзіміздің өнімімізді экспортқа шығарушылардың аяғына тұсау салып отырмыз да, көрші елден келетін импорт астыққа жол ашып берудеміз. Егер әлгіндей шығындар азайтылып немесе мемлекет оны өз есебіне жатқызса, диқандарымыздың табысы еселенер еді, дейді Бауыржан Рахимов.

Бәленің басы — трейдерде

Маманның сөзінше, бүгінгі таңда астық трейдерлері үшін отандық астық нағыз майшелпекке айналуда. Қаласа сатып алады, қаламаса ресейлік сапасыз әрі арзан астықты отандық деп көрсетіп, экспорттан есепсіз пайда тауып отыр. Диқан байғұс ала жаздай еңбектеніп жинаған дәнді дақылын элеваторға өзі жеткізіп, өз қаражатына кептіреді. «Дайын асқа тік қасық» трейдерлер ойына келген бағамен оны сатып алып, өзге нарыққа әлдеқайда жоғары бағамен жөнелтеді. Оның үстіне жергілікті шаруашылықтардың астық түсіміне қатысты өтірік есеп беруіне де осы трейдерлер себеп. Мәселен, биыл Керекуде құрғақшылық салдарынан егіс алқаптарының басым бөлігі күйіп кетті. Әупірімдеп аман қалған егістіктерден гектар басына ары кетсе 3-4 центнер астық жиналуда. Ал өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының ресми ақпаратында астықтың орташа өнімділігі 3,9 центнер деп көрсетілген. Ақиқатына келсек, орташа түсім 1-2 центнер ғана. Мұны жергілікті аг¬рар¬лық сала ғалымдары әшкерелеп бере алады. «Биыл Павлодар облысындағы егіс алқаптарының жағдайы өте мүшкіл халде. Орақ науқаны тез арада аяқталып қалатынын қазірден байқап отырмыз. Себебі көп оратындай астық жоқ, құрғақшылық пен аптап ыстықтан қурап қалған. Тәжірибелік станса ретінде өзіміздің жағдайды мысалға келтірейін. Павлодар ауданында біраз жерге күнбағыс дәнін, Ертіс ауданында 1000 гектарға жоғары сортты бидай тұқымын сеуіп, көктемгі дала жұмыстары үшін (көлік отыны мен жұмыскерлердің жалақысы) 22 млн теңге шығындалдық. Көктемде әр гектарға 120 кило бидай себілсе, орақ науқанында жинап жатқан астығымыз 130 килодан аспай тұр. Әлгі бидайды бастырып, тазартқанда гектарынан 80-90 кило ғана астық жинаған болып шығамыз. Сонда сепкенімізден жинағанымыз әлдеқайда кем тұр ғой. Ал кәдімгі астық шаруашылықтарындағы жағдай, тіпті сорақы. Келер жылы Ертіс-Баян өңірінде тұқым мәселесі өте өзекті болатынын қазірден болжап отырмыз. Қарағанды мен Қостанай облыстары бізге тұқым жағынан көмектесеміз деген. Алайда олардың тұқымы біздің жеріміздің топырағына бейімделе ме, мәселе сонда. Шығынға батқан шаруаларды астық сататын трейдерлер қазірден айналдыра бастады. Олар диқандарға мынадай мәнде шарт қояды: «Әр гектардан 10 центнерден астық жинап жатырмын деп есеп бер, есесіне біз сен көрсеткен әр гектарға белгілі мөлшерде қаражат төлейміз» дейді. Артық пайданы кім жек көрсін, онсыз да тығырыққа тірелген шаруа байғұс дегеніне көніп, мемлекеттік органдарға жалған статистиканы ұсынады. Сөйтіп ойдан шығарылған статистика Ресейден толассыз жеткізілген арзан астыққа «жасыл дәліз» болуда. Себебі ертең «орны үңірейіп қалатын» отандық астық көлемінің орнын импорт өнім басады. Былтыр Успен ауданында осындай жалған қағаз жасап, қылмыстық іске тартылған шаруа азамат жайында естігенбіз. Қылмыстық оқиға өзгелерге сабақ болмағаны өкінішті. Жоқ астық үшін трейдерден бір асап, мемлекеттен келетін демеуқаржыдан екі асап диқан ұпайын түгендейді. Бұл жерде ұтылатын өзіміздің мемлекет қана», деп күйінеді ғалым. Айтып өтейік, «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС жыл санап селекция саласында түрлі жетістікке жетуде. Тек биыл жазда екі бірдей арнайы патентке ие болды. Оның бірі – «Анель — 16» жаздық жұмсақ бидай. Стансаның тәжірибе алаңдарында өсіп шығарылған жаңа сорт гектарынан 18 центнер өнім беруге қабілетті, дейді ғалымдар. Құрғақшылыққа төзімді, Кереку жерінің топырағына бейімделген жаңа сортты ендігі жерде көбейтіп, жергілікті астық шаруашылықтарына тарату мәселесі тұр.  Бұған қоса әзірше «Людмила» атауы берілген тағы бір сорт жақын уақытта тіркеліп қалады деп күтілуде. Егер бұл екі сортты Қостанай мен Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі егіс танаптарында қолданар болса, оның әлеуеті толық жарқырап көрінер еді деп санайды сұрып иелері. Ғылыми орталықтың және жергілікті ірі шаруашылықтардың бірлесуімен шығарылған «Галичанка», «Победа» сұрыптарына жергілікті агроқұрылымдар қызығу-шылық таныта бастаған. Ал «Павлодарская юбилейная» және «Кондитерская юбилейная» аталатын жаңа бидай сұрыптары жергілікті тұқым нарығында үлкен сұранысқа ие. Бұдан бөлек сұлы, тары, көпжылдық шөп бойынша да жетістіктері аз емес. Түйіндей айтсақ, ауылшаруашылық саласындағы ғылымды дамыту мәселесі мемлекет қаражатына ғана тәуелді емес. Оған отандық бизнестің қамқорлығы мен инвестициясы керек. Бизнестің аграрлық ғылымға ынтасын ояту үшін жаңа заң тармақтары қабылданып, жаңа тәсілдер ойлап табылса абзал. Ғылымға қамқорлықпен қарап, патриоттық сезімін табыс мүдде-
сінен жоғары қоятын диқандар қауымы да қарап қалмайды деп сенеміз. Себебі, агроғылымды алға бастыру –  ғалымдардың ғана қолындағы мәселе емес.

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ.