Облыста тұрғын үй салу үшін жер алуға үміткерлер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бүгінде олардың саны 50 мыңнан асқан. Олар мемлекет тарапынан учаске алып, сол жерге жеке баспанасын салуды қалайды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлімдеді. Мұрат Қабылжапарұлының сөзінше, жер алуға ниеттілердің саны күрт өскендіктен оларға жер телімін беру қиындыққа соғып тұр. Сондай-ақ, ұсынылған жерлердің көпшілігі өнеркәсіптік орындарға жақын орналасқан.

– Павлодарда жағдай күрделене түсуде. Өйткені, қаланың жан-жағы санитарлық-қорғау аймақтары бар өнеркәсіптік кәсіпорындармен қоршалған. Соның себебінен қаланы кеңейту қиынға соғып отыр. Жер телімін алу кезегінің ұзаруы да сондықтан, – деп түсіндірді ол. Басқарма ұсынған мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысы  үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандарды арнайы есепке алу үш қалада (Павлодар, Ақсу, Екібастұз) және екі ауданда (Баянауыл, Павлодар) жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысының арнайы есебінде 50 066 өтініш тіркелген. Жыл басынан бері облыс бойынша 200 жер учаскесі бөлінді. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға бөлінген алаңдардың дайындығы және кезектілік тізімдері туралы ақпаратты қол жеткізуді жергілікті атқарушы органдар ұсынады.  Бұл ретте, жер учас-келерін атқарушы органдар бірінші кезекте кезектілікті сақтай отырып, арнайы есепте тұрған азаматтарға беруге тиіс.

А.БОРАНБАЕВА.