Неке – нәзік қарым-қатынас. Екі адамның бір бүтін болу жолында байыппен басатын қадамы. Отбасының іргесін ізгілікпен қалап, жұбайлардың жарасымды өмір сүруі. Қысқасы, жанұя жайында сөз қозғай қалсақ, тарам-тарам мәселенің шеті көрінеді.
Адамзаттың басты міндеті – тұрмыс құру немесе үйлену. Бүгінде осы құндылықтар өзінің маңызын жойып бара жатқан секілді. Өйткені, екі адамның өмір жолын бір-біріне байлауы ойнайтын дүние емес. Ол ой шеңберінде жауапкершілікпен жүзеге асуы тиіс. Мұны бүгінгілер үш түрге бөліп қарастырып қойған. Ол – азаматтық некенің мәселесін сөз етпекпіз. Мұны біз жай ғана қарапайым өмірде көріп жүрміз. Бірақ оның астарында жауапкершілікті толық алмау, ұлы құндылыққа деген бейжай қарау бар екенін ойға алмаймыз.
Қоғамда кең етек алған ажырасуды айтып сан мәрте дабыл қағып жүргенде, «азаматтық некені» алданыш етіп жаза басқандар да бар. Сезіміне сенімсіз жандар «танысып-білісеміз» дегенді сылтауратып, заңды түрде неке қимайды. Осылайша ортақ келісімнен опық жеп, ессіздіктен есеңгіреп қалып жатады. Шариғаттың шартына сай келмейтін, заң шеңберінде қарастырылмаған қатынастан соң шақшадай басы шарадай боп шарасыз күй кешкендер кездеседі.
Ерікті түрде бірге тұрғанымен, сезім мен сенім жоқ ұяда бақыт та баянды болмайды. Ерлі-зайыптының міндетін дұрыс түсінбегендіктен бір-біріне бағынбай, сыйластыққа сызат түсетіні даусыз. Сосын қалауы болмаған соң қабақ шытып, «жараспадық» деп жөніне кете барады. Ал жауапкершіліктен жалтару жағдайды жеңілдетпейді.
Қарап отырсақ, азаматтық некедегілер тез ажырасады. Үйленуінен ажырасуы тез болған жастардан мұның себебін сұрай қалсаңыз: «Мінезіміз сәйкес келмеді», – дейді. Олардың мұндай қадамын ата-анасы да құптап, көп ұзатпай келесі біреуге үйленіп жатқанын жиі көріп те жүрміз. Бәлкім мұндай некедегі азаматтарымыз: «Мен дінді ұстанбаймын. Алланың алдында қалай жауапты болмақпын?» деп ойлайтын болар. Алланың алдында жауапты болу үшін дінді ұстанып-ұстанбау шарт емес. Бастысы, сіз саналы адамсыз, сол үшін сұраласыз. Адам тағдырымен ойнауға болмайды.
Шындығында, ерлі-зайыпты атану — еріккеннің ермегі емес. Құндылықтың құнын жоғалтпау керегін есте ұстаған дұрыс. Отбасы жауапкершілігін аяқ асты еткен екеудің кесірінен бала зардап шекпеу керек. Ересектің ерсі қылығына бейкүнә сәбидің не қатысы бар? Қиыны да сол. Азаматтық некеде тұрғандықтан заң сәбидің әкесін әлеуметтік те, материалдық та тұрғыдан міндеттей алмайды. Тегінен айырылу баланың да сүйегіне таңба болып басылары анық.
Зайырлы мемлекетте заң бойынша тіркелетін неке – ол өмірлік неке. Некенің басқа түрі жоқ. Бұған ата-ана, туған-туыс, жалпы көпшілік куә болады. Сол себепті неке құпия болмайды. Керісінше, дүркіретіп той жасайды. Бұған ауылдағы бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін қатысып, куә болады. Жас жұбайлар шаңырақты уақытша емес, ғұмыр бойы бірге тұру мақсатымен көтереді. Сол үшін өмір көрген қариялар жастарға «бірге қартайыңдар», «қосағыңмен қоса ағар» деп бата беріп жатады. Әрине, бұл дүние әр адамға сынақ алаңы болғандықтан өмірдің қуанышты сәттерімен бірге қиындықтары да болады. Ерлі-зайыптылық өмірдің мақсаты да сол – барлық қиындықты бірге кешіп, жеңіп шығу.
Қысқасы, «азаматтық некені» еркіндік деп білген соң кез келген уақытта есікті тарс жауып кетуге болады деп ойлайды-ау, сірә? Иә, күйеуі немесе жігіті деп қабылдарын білмей дал болу да санаға сыйымсыз. «Жар таңдауда қателеспеймін» дейтін ақылы асқандар түбінде жарға соғылатынын ескермейтіні өкінішті. Шаңырақтың шырқы бұзылып, уақытша отбасынан мән кетсе, ұлт ұсақталып, қоғам құбылады.
Әсия ЖАҚСЫБЕК,
Торайғыров университетінің студенті.