Жастық арманын туған жерімен сабақтастырып, ауыл мектебінде шәкірт тәрбиелеуді мақсат еткен жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Баянауыл ауданы Мәшһүр Жүсіп ауылындағы орта мектепте еңбек етіп жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Мұсабек.
Мөлдір Дастанқызы 2023 жылы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Жоғары оқу орнын тәмамдап, туған ауылы – Мәшһүр Жүсіп ауылына оралып, өзі білім алған мектепке жұмысқа орналасқан.
Бүгінде үш жылдық тәжірибесі бар жас маман білім ордасында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, шәкірттеріне сапалы білім беруге күш салып келеді. Ол 9-сынып оқушыларына жетекшілік етеді. Жас ұстаздың еңбегінің нәтижесі де көңіл қуантады. Өзі тәрбиелеген оқушылар аудандық, облыстық білім додаларында талай мәрте жүлделі орындардан көрініп, жеңімпаз атанып жүр. Бұл – шәкірттің ғана емес, оған бағыт-бағдар берген ұстаздың да мерейі.
– Бала күнімде ұстаз болуды армандадым. Өзіме сабақ берген мұғалімдеріме қарап, бой түзейтінмін. Сондықтан ұстаз мамандығын таңдап, білім алдым. Төрт жыл оқып, дипломға ие болысымен туған ауылыма жұмыс істеуге келдім. Мен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қатысушысы емеспін. Мемлекет тарапынан жас маман ретінде ешқандай көмек алған жоқпын. Туған жеріме жүрек қалауыммен келдім. Ата-анаммен өзім өскен үйде бірге тұрып, шәкірт тәрбиелеу жолында еңбек етіп жатқанымды мақтан етемін, – дейді жас ұстаз.
Мөлдір Дастанқызының айтуынша, бүгінде ауылда жас мамандардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Оның өзі еңбек ететін мектеп те заман талабына сай жаңғыртылып, заманауи кейіпке енген. Білім ордасындағы оқу кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Жас маманның пікірінше, ауыл мектебіндегі жағдайды қалалық мектептерден кем деуге болмайды.
Заманауи компьютерлер мен жоғары жылдамдықтағы интернеттің болуы ұстаздардың кәсіби ізденісіне кең мүмкіндік береді. Әсіресе, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларының енуі мұғалімдердің жаңа бағдарламаларды меңгеруіне жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде сабақ сапасын арттырып, оқушыларға білім берудің тиімді әдістерін қолдануға жол ашады.
Туған ауылында еңбек етіп жүрген жас ұстаз үшін ауыл мектебі – жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – балалық шағы өткен, арман-мақсаты қалыптасқан туған жері.
Сондықтан Мөлдір Дастанқызы ауылға келген жастардың кәсіби тұрғыда дамуына еш кедергі жоқ деп есептейді.
– Ауылда жұмыс істеуден қорқудың қажеті жоқ. Қазір ауыл мектептерінде білім алуға да, сабақ беруге де барлық мүмкіндік бар. Заманауи құрал-жабдық, интернет, жақсы жұмыс ортасы бар. Ең бастысы – өз ісіңді жақсы көру. Туған жерге қызмет ету адамға ерекше сезім сыйлайды. Сондықтан жастарды ауылға келіп, еңбек етуге шақырамын, – дейді Мөлдір Дастанқызы.
Бір кездері өзі білім алған мектепке ұстаз болып қайта оралған Мөлдірдің жолы – туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Өзге өңірден жұмыс іздемей, балалық арманына адал болып, ауылға келген жас маман бүгінде өзі секілді талай баланың арманына қанат бітіріп жүр.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
