Заман дамыған сайын еңбек нарығында өзгерістерге ұшырап, қоғам СMM, копирайтер, таргетолог, мобилограф, байер сынды жаңа мамандықтармен толығып жатыр. Әрине, заманға сай қоғамның өзгеруі — заңды құбылыс. Тіпті, мұндай маман иелерін жанымыздан табу да қиын емес. Себебі, қазір цифрландыру заманы болғандықтан бір ғана ұялы телефонның көмегімен табысқа кенеліп, әлемді бағындырып жатқандар бар. Оның үстіне, ұялы телефонға еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін тәуелді десек, артық болмас. Бүгін көп жастың қызығушылығын тудырып, табыс әкеліп отырған мобилография бағыты туралы сөз қозғамақшымыз.
Қазір әлеуметтік желілерге кіре қалсаңыз, елімізге белгілі тұлғалардың, өнер адамдарының әр күні, жүрген-тұрғаны жарқ-жұрқ еткен сәттерге, салтанатқа толы болып көрінеді. Сондай-ақ, әлдебір тауарлардың жарнамасын байқасаңыз бірінен-бірі өтеді. Тіпті, еріксіз еліктіріп әкетеді. Осындай қысқа да нұсқа әрі сапалы видеоларды түсіріп, оны монтаждауды смартфонның көмегімен-ақ жасауға болады. Бүгінде бұл іспен айналысатын мамандық иесі қалыптасқан. Ол – мобилограф.
Жоғары сападағы камералары бар алғашқы смартфондар пайда болғаннан бері мобилография Қазақстандағы көптеген адам үшін танымал хобби және өзін-өзі көрсету құралына айналды. Смартфондарды пайдаланудың қарапайымдылығы мен қолжетімділігі барлығына фотограф болуға, өмірінің маңызды сәттерін түсіруге және оларды әлеуметтік желілер арқылы оқырмандарымен бөлісуге мүмкіндік береді. Бұл сөзімізге бүгінгі кейіпкеріміз Мәриям Амангелді дәлел болмақ.
Мәриямның айтуынша, мобилографияға 5 жыл бұрын келген. Оның бұл салаға бет бұруына күнделікті хоббиі және фантазиясының ұшқырлығы себеп.
— Видеоға түсіруге бұрыннан қызығушылығым болатын. Алғашында өмірімдегі керемет сәттер есте қалуы үшін түсіріп жүрдім. Алайда жолдасымның туыстары бұл ісімді әбестік санап, құп көре қойған жоқ. Өйткені ол уақытта бұл бағыт жана ғана дамып келе жатқан еді. Дегенмен, жолдасым қолдау көрсете білді. Сөйтіп, 2019 жылдан бері мобилографиямен айналысып келемін, — деп бастады әңгімесін Мәриям.
Мәриям мобилографияны кез келген адам меңгере алатынын айтады. Оның сөзінше, алдымен мол тәжірибе мен айтарлықтай төзім қажет. Бұл саланың артықшылығы — түсірген фото мен видео-ларда идея болуы керек. Сондай-ақ, өз бойыңдағы ұялшақтық қасиет пен үрейді жеңу, идеяны одан әрі дамыту, ерекше болуға дағдылану, басқалардың қолынан келмейтін нәрселерді жасауды талап етеді.
— Бүгінде әлеуметтік желілерді белсенді қолданатын жастар өздерінің профильдерінде жағымды әсер қалдыру мақсатында айрықша фотосуреттерді түсіріп, оны өңдеуді үйренуде. Дегенмен, кәсіби жабдықпен түсіру және монтаждау көп уақытты қажет етеді. Сол себепті, сапалы суретті күнделікті қолымызда жүретін смартфонмен түсіру оңай болмақ. Мобилографтардың кәсіби мамандардан артықшылығы — материалды жылдам беруінде. Мықты мобилограф болу үшін жақсы жабдықталған смартфон, күшейтілген жарық пен дыбыс қажет. Ал суретті түсіру және оларды монтаждауды өз бетінше үйренуге болады немесе арнайы курстардан өткен абзал, — дейді ол.
Иә, арнайы курстарды оқудан бөлек қосымша ізденсеңіз, тіпті керемет! Әрине, курстың бағасы оны оқытатын маманға байланысты өзгеріп отырады. Жаңадан дәріс беріп жүрген мамандардың бағасы 10 мың теңге болса, тәжірибелі шетелдік мамандардан курс алу 200 мың теңгеге дейін баруы мүмкін. Ал кеткен шығыныңызды екі-үш тапсырыспен-ақ ақтап алуға болады екен.
Мәриям, сондай-ақ мобилограф болу үшін ой ұшқырлығы, байқампаздық, яғни қарапайым нәрселерден ерекше сұлулықты көре білу қасиеттері аса қажет екенін тілге тиек етті. Содан соң ерінбейтін, көп ізденетін адам ғана бір нәтижеге жете алады. «Бұл — менің салам емес» деп қолды бір сілтей салмау керек.
— Мобилограф болу үшін алдымен талғам қажет. Әсіресе, қымбат немесе арзан көрінетін кадрларды ажыратуды, видеода бой көрсететін адамның киіміне, түріне және видеоны монтаждау барысында әуеніне үлкен мән беру керек. Сондай-ақ, әр кадр көп дегенде 10 секундтан аспауы тиіс. Сосын бір түсінгенім: бір жерде 30-40 жыл тұрақты жұмыс істеп, тәжірибе жинасам, жетістікке жетемін деген ой қажет емес. Жететін жетістікке ештеңені күтпей, қазір жету керек, — деп атап өтті ол.
Бала күтімі бойынша демалыс алған ана бүгінде өзі секілді адамдардың бойындағы талантын ашу мақсатында осы бағытта шәкірттер тәрбиелеуде.
— Әр адам өз ісін жақсы көріп одан ләззат алса, жоғары деңгейлерге жететіні сөзсіз. Осы салаға алғаш келгенімде алғашқы табысым 10 мыңнан аспаған. Бүгінде айлық табысым 1 миллион теңгеге дейін жетеді, — деді Мәриям.
Түйін:
Қазіргі уақытта технологияның дамуымен және жоғары сапалы камералары бар смартфондардың қолжетімділігінің арқасында сапалы видео контенттер барлығына қолжетімді болды. Бұл адамдарға өздерінің жеке шығармашылықтарын бүкіл әлеммен бөлісуге мүмкіндік береді. Технологияның одан әрі дамуын және мобилографияға деген қызығушылықтың артуын ескере отырып, жақын арада осы салада одан да көп нәтиже күтуге болары анық.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.